Үш қаратөбелік «Халық алғысы» медалімен марапатталды

Үш қаратөбелік «Халық алғысы» медалімен марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен төтенше жағдай кезінде еңбек еткен сала мамандары мен уақытпен санаспай халық игілігіне қызмет еткен еріктілер «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталуда. Адамзат баласын әбігерге салған індетпен күресте қайсарлық пен мейірімділіктің үлгісін көрсеткен үш қаратөбелік өткен аптада «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Үлгілі қызмет атқарып індет кезінде блокбекетте тынбай қызмет атқарғандары үшін Қаратөбе ауданының полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Еркіновке және жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция майоры Жанболат Мұханбетқалиевтер Орал қаласында өткен салтанатты кездесуде «Халық алғысы» медалімен арнайы марапатталды.
Сонымен қатар 6 қараша күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен салтанатты жиында волонтерлік қызметі үшін Қаратөбе колледжінің аспаз мамандығы бойынша ІІІ курс студенті Дәулет Тлегенов те «Халық алғысы» медалін иеленді.
Коронавирус індеті кезінде ерікті ретінде қарияларға көмек беруге, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратуға, ауруханада жатқан науқастардың халін біліп, дәрі-дәрмек жеткізуге және қоғамдық орындарда маска таратуға белсене атсалысқан Дәулет өзінің бұл істерін марапат алу үшін жасамағанын айтады. Адамдарға жақсылық пен қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан жас жігіт волонтерлік қызметті алдағы уақытта да жалғастыра беретіндігін жеткізді.
Өзі оқитын Қаратөбе колледжі жанындағы «Мәңгілік елдің еріктілері» атты еріктілер клубының жұмысын одан әрі жандандырып, біраз қайырымдылық істер атқару жоспарларында бар екендігін айтқан Дәулет өзіне берілген марапат еріктілер қызметіне одан әрі жауапкершілікпен қарауға міндеттегенін тілге тиек етті.