
Үш жүзге ән оздырған әйгілі композитор, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Мұхит Мерәліұлының 185 жылдық мерейтойына арналған «Мұхит баба ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция аясында Қаратөбе ауданының делегациясы Ақтөбе облысының Қобда ауданына барды.
Экспедиция Мұхит Мерәліұлының мол мұрасын насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу және өңіраралық мәдени байланысты нығайту мақсатында оздырылды.
Сапар барысында экспедиция мүшелерін Қобда ауданының әкімі Ізгілік Досмұратұлы арнайы қарсы алып, жылы лебізін білдірді. Кездесу кезінде аудан басшысы аталған бастаманың маңыздылығына тоқталып, Мұхит Мерәліұлы мұрасын ұлықтау – ұрпақ парызы екенін атап өтті. Сонымен қатар өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты дамытуға бағытталған мұндай игі шараларға қолдау білдіретінін жеткізді.
Шара аясында Қобда қазақ орта мектебінде «Мұхит баба ізімен» тарихи танымдық конференциясы өтті.
Экспедиция барысында қатысушылар қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.
Экспедиция аясында қатысушылар Қобда тарихи-өлкетану музейінде болып, өңір тарихы мен мәдени мұрасына арналған құнды жәдігерлермен танысты. Экскурсия барысында музей қызметкерлері ауданның тарихы, өңірден шыққан тарихи тұлғалар мен мәдени мұралар туралы жан-жақты мәлімет берді.
Сондай-ақ экскурсия барысында музей қызметкерлері экспедиция мүшелеріне өлкетанушы Нұржан Жетпісбайдың «Қобда өңірінің тарихы» энциклопедиялық еңбегін табыс етті.
Экспедиция «Қаратөбем – ән мен жырдың ордасы» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Кеш Мұхит Мерәліұлының «Зәуреш» әнімен ашылып, халықтық ұлт аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен жас өнерпаздар қазақтың бай музыкалық мұрасын кеңінен насихаттады. Бағдарламада Мұхиттың «Көк айдайы», халық әндері мен заманауи шығармалар орындалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Кеш соңында «Қаратөбе – ән мен жырдың ордасы» әні шырқалып, өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.
Тағылымды кештің қорытынды бөлімінде Қобда ауданының әкімі Ізгілік Досмұратұлы сөз алып, экспедицияның рухани маңызына тоқталды. Ол ұлттық мұраны насихаттауға бағытталған шаралардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтіп, шараның өтуіне атсалысқан ауданның көркемөнерпаздарына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ өнер мен мәдениетті дәріптеуге қосқан үлестері үшін бірқатар қатысушыларға естелік сыйлық табыс етті