Үздіктер жолы – өнер мен білім үндестігі

Үздіктер жолы – өнер мен білім үндестігі

Үздіктер жолы – өнер мен білім үндестігі
Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында 2025-2026 оқу жылының қорытындысына арналған «Үздіктер жолы – өнер мен білім үндестігі» атты озаттар мен үздіктер шеруі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Білім мен өнерді, шығармашылық пен спортты ұштастырған салтанатты кеште жыл бойғы жетістіктер қорытындыланып, үздік оқушыларға құрмет көрсетілді.
Мектептің акт залында өткен мерекелік шара «Театр әлемі» үйірмесінің қатысушылары сахналаған «Ақ бантик» поэтикалық драмасымен басталды. Көрермен көңілінен шыққан әсерлі қойылым кештің мазмұнын аша түсті.
Салтанатты кешке Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, ардагер ұстаз Бейбіт Сағынғалиев, аудандық білім беру бөлімінің әдіскерлері, жастар ресурстық орталығының өкілдері, қамқоршылық кеңес мүшелері, ата-аналар мен ұстаздар қатысты.
Кеш барысында оқу озаттары мен түрлі деңгейдегі білім додаларының жеңімпаздары сахна төріне шақырылды. Озаттар шеруін тоқсандық жиынтық бағалау қорытындысы бойынша 95 пайыз үздік нәтиже көрсетіп, «Білім үздігі» төсбелгісінің иегері атанған, «Қажым Дарыны» дарындылар додасының жеңімпазы Нұрислам Мақсот бастап шықты.
Жыл бойғы жетістіктерді жоғары бағалаған аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы шәкірттер мен ұстаздарды құттықтап, білім саласындағы табыстар аудан мерейі екенін атап өтті. Сонымен қатар мектеп директоры Мираш Өтеғалиева білім бағытындағы үздіктерді марапаттап, оқушылардың болашағына сенім білдірді.
Шара барысында өнерпаз оқушылардың концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Ерасыл Қуандықұлының орындауындағы «Қазақтай ел қайда» әні мен мектепішілік домбырашылар ансамблінің Құрманғазының «Саранжап» күйін орындауы кештің көркін аша түсті.
Сондай-ақ «Өрнек» би ансамблі орындаған «Мереке» және «Қас сұлу» билері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеште экология, техникалық шығармашылық, өнер және спорт бағыттары бойынша облыстық, республикалық байқаулар мен жарыстарда топ жарған оқушылар да марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы алғыс айтылып, олардың жетістіктері көпшілікке үлгі етілді.
Мерекелік жиын соңында ұйымдастырушылар білім мен тәрбиені қатар ұштастырған ұстаздарға, мектеппен тығыз байланыста жұмыс жасаған ата-аналарға ризашылықтарын білдірді. Жас ұрпақтың білімді, өнерлі, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына тілектестік айтылып, кеш көтеріңкі көңіл-күймен қорытындыланды.
«Бақыт кілті – білімде» демекші, Қаратөбе мектеп-гимназиясының шәкірттері алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел мерейін асқақтата беретініне сенім мол.