Бірлік күніне орай арқан тартыстан жарыс

Бірлік күніне орай арқан тартыстан жарыс
Бірлік күніне орай арқан тартыстан жарыс
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Қаратөбеде ерлер арасында ұлттық спорт түрі арқан тартыстан мекемеаралық жарыс өтті.
Ынтымақ мерекесіне орай ұйымдастырылған жарысқа аудан мекемелерінен 9 команда қатысып, өзара күш пен ептілікті сынға салды.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл күн – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың татулығын, достығын дәріптейтін ерекше мереке. Осы айтулы мереке аясында ұлттық рухты асқақтататын, ұйымшылдық пен күш-жігерді талап ететін арқан тартыс жарысы оздырылуда. Арқан тартыс – бұл тек спорт емес. Бұл – бірлік, сенім, бір мақсатқа жұмылу. Жарысқа қатысушыларға сәттілік серік болсын, - деді.
Өз кезегінде сөз сөйлеген жарыс демеушісі, «Бір жер» кафесінің иесі Мейрамбек Далабаев жарысқа қатысушыларыд мерекелерімен құттықтаса, бас төреші Думан Дінішев жарыстың өту барысымен таныстырды.
Тартысты өткен бәсеке барысында қатысушылар бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Әр команда жеңіске деген жігерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша «Қаратөбе» спорт клубы І орынға ие болып, жеңімпаз атанды. Аудандық аурухана командасы ІІ орынды еншілесе, ІІІ орын Жастар ресурстық орталығы командасына бұйырды. Сонымен қатар, жарысқа белсене қатысқаны үшін «QAZAQGAZ AIMAQ» командасы алғыс хатпен марапатталды.
Аталған спорттық шара аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.