Дайындық жұмыстары пысықталды

Дайындық жұмыстары пысықталды
Бүгін Қаратөбе ауданында Батыс Қазақстан облысы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың төрағалығымен 15 наурызда өтетін саяси науқанды әзірлеу мен өткізу мәселелеріне арналған кеңес оздырылды.
Кеңеске аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, Батыс Қазақстан облысының аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Асыланбек Ғұбашев, аудандағы мемлекеттік органдар, мекемелер және құқық қорғау салаларының өкілдері, учаскелік референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Кеңес барысында сөз алған облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов 15 наурыздағы саяси науқанға дайындық жұмыстарына байланысты облыста атқарылып жатырған жұмыстар туралы айтып, «Референдумды жоғары деңгейде өткізу баршамызға жүктелген үлкен міндет. Сондықтан алдағы науқанда дауыс берушілерге заңда көрсетілген барлық жағдайды жасау жауапты міндет», учаскелік референдум комиссияларының жұмысына өзгелердің араласуына жол берілмейді, - деді Әділ Тауфикұлы.
Учаскелік комиссиялардың дайындығы туралы Қаратөбе аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Бақытжан Жүсіпқали баяндады.
– 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі күнтізбелік жоспары бойынша негізгі іс-шаралар орындалуда.
Референдумның өзге сайлаулардын айырмашылығы, референдум тағайындалғаннан кейін екінші күні үгіт-насихат жұмыстары басталып кетеді.
Аудан бойынша 19 орында үгіт насихат тақталары орналасқан. Он бір жерде «Әрқайсымыздың дауысымыз маңызды 15-наурыз РЕФЕРЕНДУМ» деген мағынадағы дауыс беруге шақыру бильбордтары ілінілді.
Референдумда ауданда 1 аумақтық, 19 учаскелік референдум комиссиялары жұмыс атқарады. Учаскелік референдум комиссияларында 115 мүше, аумақтық референдум комиссиясында 7 мүше, барлығы 122 комиссия мүшелері жұмыс жасайды. Барлық 19 референдум учаскелері бүгінгі күнге дауыс беруге қажетті құрал жабдықтар дауыс беру кабинасы, бюллетень салатын жәшіктермен толық қамтылған. Жалпы референдум учаскелері жабдықтау жағынан сайлауға дайын, - деді аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Бақытжан Қайырқұлұлы.
«Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімі бойынша атқарылған жұмыс, учаскелерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы» аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы толық айтып берді.
Қадыржан Орынбасарұлы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы күшейтіліп, инфрақұрылымды материалдық қамту мәселелерінің түгел шешімін тапқанын жеткізді.
Кеңесте аудан әкімі аппаратының басшысы Дат Жәнібеков учаскелерді электр жарығы, телефон байланысы, жылумен қамтамасыз ету жағдайы туралы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбек Каримов құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған іс-шаралар туралы баяндады.