
«Бейбіт өмір – батырлардың аманаты»
Дәл осындай атаумен Алаш және Қ.Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде Кеңес әскерінің Ауған шекарасына шығарылғаны – 37 жыл және Қазақстан Қарулы Күштерінің Тәжік-Ауған шекарасындағы бітімгерлік миссия тәмамдалғанына – 25 жыл толуына орай рухани-патриоттық кеш өтті.
Ауған соғысында от кешкендердің қатарында ауданымыздың азаматтары да болды. Ерболат Иманғалиев, Самат Жамангарин, Нұрбек Құлынбаев, Еркін Қойшиев, Талғат Ақашаев, Қадырбек Баймулдин, Ержан Искаков сынды жауынгерлер елге аман оралып, бейбіт өмірде еңбек етті. Қазіргі таңда олар басқа қалаларға қоныс аударғанымен, туған жер оларды әрдайым мақтан тұтады.
Кеш жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру және ел тыныштығы жолында қызмет еткен азаматтарға құрмет көрсету мақсатында оздырылды. Шараға ауған соғысының ардагерлері, тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген сарбаздар, жастар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараға аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев қатысып, бүгінгі күннің тарихына қысқаша тоқтала отырып, жерлес батыр ерлердің ерлігін атап өтті.
– 15 ақпанда кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 37 жыл толып отыр.
Бұл күн – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесіне айналды. Бұл күні ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлестеріміз, Ауғанстанның отты жолдарымен өткен ержүрек жауынгерлер алдында тағзым етеміз, – деді аудан басшысы
Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеп, бүгінгі ұрпаққа ерлік пен елдіктің өнегесін көрсетіп жүрген жерлестеріміз Тұрар Есетов, Талғат Болатжанұлы, Арнур Бижанұлы, Сағат Серікұлы кеште сөз алып, тағылымды ойларымен бөлісті.
Кездесу барысында ардагерлер өткен күндердің шежіресін жаңғыртып, оқ пен оттың ортасында өткен сындарлы сәттерді тебірене еске алды. Олар бастан кешкен тағдырлы оқиғаларын толқыныспен баяндай отырып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, бейбіт өмірдің қадірін білу және елге адал қызмет ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін ерекше атап өтті.
Тағылымды кеш барысында батылдық пен ерліктің үлгісін көрсеткен майдангер ағаларымыздың өмірлік серіктері Қалампыр Ғаббасқызы мен Рысгүл Ахметқызына айрықша құрмет көрсетілді.
Кеш барысында қатысушылар батырлардың ерлігін еске алып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасап, бір минут үнсіздік жариялады.