
Мәдениет саласында Жаңа Бас құжат жобасы талқыланды
Ақпан айының 5-сі күні аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мәжіліс залында «Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстанның құқықтық негізі» - атты дөңгелек үстел оздырылды.
Аталмыш іс-шараны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден алғы сөзімен ашты.
Дөңгелек үстелде алғаш сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәулен Қожахметов:
– Жаңа Конституцияда зияткерлікке, адам капиталына, ғылым мен мәдениетке үлкен мән берілген. Ол адам санасын өзгерту дегенді білдіреді.
Қоғамдық сана өзгермей, реформалардың жүзеге аспайтыны анық. Сондықтан сананы өзгерту барлық жаңашыл істің бастауы, жаңа әділетті Қазақстанды құру мен әділ, адал, жауапкершілігі мол, жауапты, Отаншыл жастарды тәрбиелеудің негізі болмақ.
Осы міндеттерді орындау баршамыздың міндетіміз болуы тиіс, – деді.
Іс-шара барысында сөз алған Қаратөбе аудандық сотының аға сот приставы Нұрбек Ідір:
«Жаңа Конституциядағы маңызы зор мағыналық бағыттың бірі – цифрландыру.
Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі - адам құқықтарына бағдарлануы. Осылайша адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған.
Дін мен мемлекеттің ара-жігі ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен трәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады.
Неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екендігі туралы ереже енгізіледі. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған» -деген ойын ортаға салды.
Дөңлек үстелде өз ойын ортаға салған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапты өңдеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі Жаңылдық Ерғалиева:
«Референдум – халықтың өз болашағын өзі шешуінің ең маңызды жолы. Ал заң – қоғамдағы тәртіп пен әділдіктің негізі. Заңды құрметтеп, Референдумға белсенді қатысу арқалы біз елдің дамуына үлес қосамыз.
Әр азаматтың дауысы маңызды, себебі бірлік бар жерде тұрақтылық болады.
Сондықтан заңды қолдап, ортақ шешім қабылдауға атсалысайық» - деді.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ауыл ардагері Бейбіт Сағынғалиев те өз пікірін айтты.
Іс-шараны қорытындылаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден дөңгелек үстелге қатысушыларды Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдай отырып, болашақта өтетін Референдумда бір кісідей белсенділік танытуға шақырды.