
Дәл осындай атаумен ақпан айының 5-сі күні ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұжымы ақынға арналған еске алу кешін ұйымдастырды.
Соңына өшпейтін айрықша із қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, Ақын өлеңдерінің халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігін таныту, ақынның сөзіне жазылған өлеңдерін көпшілік назарына ұсыну мақсатында оздырылған әдеби-сазды кешке аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, Мұғалидың әнін насихаттаушы өнерлі жандар мен кітапханының оқырмандары, ауыл ақсақалдары қатысты.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл күннің қай жерде болмасын жыл сайын ақпан айында аталып өтілетіндігі хақ.
Ақын өзінің 1834 өлеңімен көптеген оқырмандарының жүрегін жаулап, бірде жылатып, бірде қуантқан ақиық ақын Мұқағалиды «Ақын емес» - деп, ешкімнің айтпасы айқын.
М.Мақатаев ерте есейді, еңбекке ерте араласты. Орта мектепті бітірген соң, ауылда хатшы, комсомол комитетінде қызмет жасаған.
1954 – 1962 жылдары Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарса, 1962 – 1972 жылдары «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен. 1972 – 1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
Мұқағали Мақатаев – ғажайып, сыршыл ақын. Оны біреулер «Көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстарға толы жұмбақ ақын» десе, аталмыш әдеби-сазды кеште сөз алған кітапхананың тұрақты оқырманы, ардагер ұстаз Бейбіт Сағынғалиев ақынның өлеңдері оқырманның жүрегіне жол табатын, қайта-қайта тыңдай бергің келетін, керемет өлеңдер екендігін айтып, мақтан тұтты.
Ақын өлеңдерінен шеруде: Ақынның махаббат тақырыбына жазылған «Махаббат диологын» Нұрбол мен Динара, Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының жас ақындары мен ақынның өлеңдерін насихаттаушы қаратөбелік Ерболат Қалиев пен Мөлдір Амантаева, дәрігер Нұрбол Құдайберген, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәулен Қожахметов пен ардагер ұстаз, шөптікөлдік Мәжит Нұрекешов ағаларымыз Мұқағалидың өлеңдерін оқып, көрермен жұртшылықтың көңілінен шықты. Іс-шара барысында оқырмандар «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» - атты кітап көрмесімен танысты.
«Поэзия, менімен егіз бе едің»– деп ақын өзі жырлағандай, Мұқағали өлең жазып қана қоймай, өз өлеңдерін шебер оқи білген ақын. Ол біраз уақыт Қазақ радиосында диктор болып қызмет еткен. Оның дауысының ерекшелігін, оқу мәнерін қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев кезінде жоғары бағалап, қызметке алған.
Ақынға арналған әдеби-сазды кеш барысында бейнеролик арқылы Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған ақынның өзі оқыған өлеңдері тыңдалды.
Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері Сәнжан Байтеміров пен Нұргүл Нұрбекқызы, Аяжан Исмагулова мен Нұрғиса Орынғалиевтер ақынның сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, әдеби-сазды кешті тамашалаушы жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Атаулы мәдени іс-шара соңында аудандық орталықтан-дырылған кітапхана жүйесінің директоры Нұржамал Берниязова – ақиық ақынды еске алу кешіне белсене қатысып, ол кісінің өлеңдерін мәнерлеп айтып берген Ерболат Қалиевке, Мөлдір Амантаеваға және ардагер ұстаздар Мәжит Нұрекешов пен Үмбетқали Бақтығалиевке ақын Ертай Бимұхановтың кітаптарын табыстады.
Ақынға арналған әдеби сазды кешті аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің окырмандарды қамту бөлімінің кітапханашысы Айнагүл Құрманова жүргізді.