Жас дзюдошылар сынға түсті

Жас дзюдошылар сынға түсті

Жас дзюдошылар сынға түсті

Қаратөбе ауданында дзюдо күресінен 2011–2012 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында аудандық біріншілік өтті. Дүбірлі дода Шөптікөл мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылып, жас спортшылардың дайындығы мен жігерін сынға салды.

Аудан көлеміндегі спорт және білім беру ұйымдарынан жиналған 70-ке жуық дзюдошы татамиде өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, Қаратөбе ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Қалдығайты, Б.Қаратаев, Жамбыл, Егіндікөл, Қоскөл жалпы орта білім беретін мектептері, Төлен негізгі орта мектебі, «Шөптікөл мектеп бөбекжай балабақша кешені» КММ және Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназияның тәрбиеленушілері жарыс көрігін қыздырды.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешев сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Спорт – баланың болашақтағы мінезі мен тәртібін қалыптастыратын маңызды сала. Бүгінгі жарыс сіздер үшін үлкен тәжірибе алаңы. Әр белдесуге жауапкершілікпен қарап, әділ күрес көрсетеді деп сенемін. Баршаңызға сәттілік! – деді ол.

Жарыс барысында жас дзюдошылардың жоғары деңгейде дайындалғаны байқалды. Әр белдесу тартысқа толы өтіп, әдіс-айла мен төзім сыналды. Татами маңына жиналған ата-аналар мен жанкүйерлер де жас спортшыларға қолдау көрсетіп, жарыстың шырайын кіргізді.

Жарыс қорытындысында салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталды. 38 келі салмақта Саралжын ауылының өкілі Бибарыс Бердіғали жеңіске жетсе, 42 келіде тағы бір саралжындық Ернар Еленбай топ жарды.

46 келіде Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Дәулет Жақсыбай қарсыластарынан басым түссе, 50 келі салмақ дәрежесінде Саралжын ауылынан келген Айдос Дәулетұлы чемпион атанды.

55 келіде Қалдығайты елді мекенінің спортшысы Саммит Бектұрсынның шеберлігі жоғары бағаланды. 60 келіде Егіндікөл ауылының намысын қорғаған Нұрдәулет Рахмет жеңіске жетсе, 66 келіде Жусандыой ауылынан келген Арман Құнанбай үздік деп танылды.

Ал 73 келі салмақта Қаратөбе БЖСМ спортшысы Әділет Тимур жеңімпаз атанса, +73 келі салмақ дәрежесінде Саралжын ауылының дзюдошысы Аянтөре Жолдығали қарсыластарын тізе бүктірді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан жас дзюдошылар 12–14 ақпан күндері өтетін облыстық чемпионатқа жолдама алып, аудан намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.