Мал қыстағы қалыпты өтуде

Мал қыстағы қалыпты өтуде
Мал қыстағы қалыпты өтуде
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиевтің төрағалығымен мал қыстағының өту барысы жөнінде штаб отырысы өтті.
Аталған жиынға Батыс Қазақстан облысы бойынша мал қыстағын өткізу жөніндегі облыстық штабтың мүшесі, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, аудандық дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Штаб отырысында алдымен қыс мезілінде мал азығының жетуі турасында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Бадақов хабарлама жасады.
– Ауданда апта сайын мал қыстағының өту барысы қадағалануда.
Мал азығының жетіспеушілігі туралы ШҚ, жеке қосалқы шаруашылықтарға мониторинг талдау жасалынды. Әзірге мал азығының жетпей қалу қаупі жоқ.
Жалпы 2025-2026 жылдардың мал қыстағына ауданда жоспарланған 133 мың тонна мал азығының 134 мың тоннасы дайындалды. Қазіргі кезде дайындалған мал азығының қолда бары 64,98 мың тонна. Қажетті мал азықтық жем 15,0 мың. тонна болса, қыстаққа кірер уақытта оның 3,1 мың тоннасы әзірленді. Мал азықтық жемге қалған қажеттілік аудан кәсіпкерлерінің жемді Орал қаласынан тасымалдап әкеліп сатуы арқылы өтелуде. Аудан орталығында 3 сауда орынында, ауылдық округ орталықтарында 1-2 орында ұйымдастырлып отыр. Жем бағалары орташа есеппен алғанда 1 келі кебек- 105, арпа -112, құрама жем-115 теңгеден сатылуда.
Елді мекеннен тыс 97 орында шаруашылықтардың малдары қыстатылуда. Бұл қыстақтарда 201 адам жұмыс жасауда. Қыстақтардың 71-іне электр желісі тартылған, басқалары мотормен, күн панельдерінен тоқ көзін алуда. Қыстақтардың басында 117 техника қызмет жасауда. 82 қыстақ ұялы байланыс желісі бар аймақта орналасқан. Барлық қыстақтармен жол қатынасы қалыпты.
Жеке тұрғындардың мал азығы жетіспей қалған жағдайда 1326 рулон мал азығы қоры ішкі резервке есептелініп отыр, - деді сала басшысы Қанат Бадақов.
Жиын барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша мал қыстағын өткізу жөніндегі облыстық штабтың мүшесі, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев Қаратөбе ауданы бойынша шөп қорының жетіспеушілігі жоқ екендігін айта келе, ауыл тұрғындарының аулаларындағы мал азығының қорын қадағалау қажеттігіне тоқталды.
Штаб отырысын қорытындылаған аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев мал қыстағының өту барысын қадағалау жөнінде ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар жүктеді.