
Спорттық сайыста бақ сынады
«Қаратөбе» спорт клубында «Мейірбандық айлығы» аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен және дойбы ойынынан аудандық жарыс өтті.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік оңалту қазіргі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қызмет көрсету жүйелері үшін ең маңызды міндет болып табылады. Елімізде қазіргі уақытта мүгедектігі бар жандарға жасалатын қамқорлық аясы кеңіп, олардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға мән беріліп келеді.
Аталған спорттық жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов және ауданәкімінің мүгедектігі бар адамдар жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Еркінбек Жәнібеков құттықтау сөз сөйлеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттің қолдауын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың қорытындысында дойбы ойыны бойынша І орынды қаракөлдік Дархан Оңалбаев иеленіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Жүлделі ІІ орынға Қаратөбе ауылынан қатысқан Едіге Заңғалиев тұрақтаса, ІІІ орынды Қоскөл ауылынан келген Ерлен Жаметов қанағат тұтты. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен егіндікөлдік Бекет Шурин марапатталды.
Сонымен қатар қыздар арасындағы үстел теннисінен І орынды қаратөбелік Жазира Айболатқызы иеленді. Егіндікөл ауылынан келген Алтын Қайырғалиева жүлделі ІІ орынға қол жеткізсе, жусандыойлық Жаңылсын Өскенбаева ІІІ орынға тұрақтады. Ерлер арасындағы үстел теннисінен І орынды қаракөлдік Ерлан Мусағалиев жеңіп алып, жеңімпаз деп танылды. Жүлделі ІІ орынды Саралжын ауылынан келген Асылжан Есенов қанжығасына байласа, ІІІ орынды сулыкөлдік Әмірхан Габибуллин иеленді. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы саралжындық Думан Есмурзинге табысталды.