
Суперкубок Мұхит мектебінің командасында
17 қараша күні аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қаратөбе футзал лигасының ашылуы және Қаратөбе суперкубогы ойыны өтті.
Қаратөбе футзал лигасының ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден сөз алып, бұқаралық спорттың дамуы ұлт саулығының кепілі екендігіне тоқталып, шағын футбол ойынына қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Спорттық шарада 2024 және 2025 жылғы шағын футбол лигасының жеңімпазы «Қаратөбе» спорт клубының командасы 2024-2025 жылдардағы кубогтың чемпиондары Мұхит атындағы ЖОББМ-нің командасы арасында тартысты ойын болды.
Ойынға сақадай сай шыққан қос команда нағыз тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ойынның негізгі уақытында 3:3 есебімен тең түскен командалар қосымша берілген уақытта «Кім мықтыны?» анықтады.
Қосымша берілген уақытта Мұхит атындағы ЖОББМ-нің командасының ойыншылары қарсыластарының қақпасына жауапсыз үш доп соқты. Ойын қорытындысында 6:3 есебімен Мұхит мектебінің командасы жеңімпаз атанып, суперкубогты иемденді.