
«Қыс–2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті
13–14 қараша күндері өңірде «Қыс–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.
Шара қыс мезгілінде орын алуы ықтимал табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ оларды жою кезінде қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында оздырылды.
Оқу-жаттығу барысында аудан аумағында бірнеше шартты жағдай енгізіліп, мамандардың әрекет ету алгоритмдері сынақтан өтті.
Қаратөбе ауылында жерасты газ құбырының мұзбен бітелуі салдарынан газ беру тоқтағаны жөнінде сценарий енгізілді. Нәтижесінде шамамен 110 үй, 1155 тұрғын уақытша газсыз қалғаны туралы шартты ақпарат берілді. Апаттық қызмет мамандары газ жүйесін қалпына келтіру, тұрғындарды жылыту бекеттеріне жеткізу және қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында үйлесімді жұмыс көрсетті.
Ауа райының қолайсыздығы салдарынан автожолдарда 90-нан астам көлік қар құрсауында қалып, зардап шеккендер бар деген жағдай да орын алды. Құтқару бөлімшелері жолаушыларды эвакуациялап, жолдарды тазарту және алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар Каратөбе, Қоскөл және Егіндікөл ауылдарында әуе электр желілерінің мұздануы салдарынан 250-ден астам абонент жарықсыз қалғаны жөнінде оқу-жаттығу жағдайы енгізілді. Электр желілерін қалпына келтіру бригадалары апаттық аймақты анықтап, электрмен қамтамасыз етуді қайта іске қосу жұмыстарын көрсетті.
«Қыс–2025» оқу-жаттығуы Қаратөбе ауданындағы барлық жауапты қызметтердің қысқы төтенше жағдайларға дайындығын бағалауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге жедел шешім қабылдау, түрлі құрылымдардың өзара ықпалдастығы және апаттық жағдайға әрекет ету қабілеті жан-жақты сыналды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша тиісті сала мамандарына алдағы қыс маусымына дайындықты күшейту, инфрақұрылымды тұрақты бақылауда ұстау және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.