
Жаңа салық кодексі түсіндірілді
2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және салық заңнамасына түзетулер енгізілген ілеспе заңға қол қойған болатын. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа кодексті ел көлемінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай Қаратөбе аудандық мәслихатының үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Мерекеұлының төрағалығымен жиын өтті.
Кездесуге Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Оксана Нигметуллина, өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Тимур Төлепов, берешекпен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Жанар Аубакирова, сондай-ақ аудандық мекеме басшылары, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Жиында сөз алған Оксана Нигметуллина жаңа Салық кодексінің басты бағыттары мен артықшылықтарына тоқталып, оның салық жүйесін жетілдірудегі маңызын атап өтті.
– Жаңа Салық кодексі ең алдымен салық төлеушілердің мүддесін қорғауға бағытталған. Құжатта салық салу тәртібін жеңілдету, әкімшілендіру процестерін цифрландыру және бизнеске түсетін жүктемені азайту көзделген. Сонымен қатар, көлеңкелі экономиканы азайту, салықтық тәртіпті нығайту және адал кәсіпкерлерге қолдау көрсету тетіктері енгізілуде. Біз үшін басты мақсат – салық төлеушілермен ашық әрі түсінікті қатынас орнату, – деді ол өз сөзінде.
Сонымен бірге, спикер жаңа кодексте шағын және орта бизнеске арналған жеңілдіктердің сақталғанын және кейбір төлем түрлері оңтайландырылғанын айтты.
Жиын барысында қатысушылар жаңа ережелерге қатысты өз сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Жаңа Салық кодексінің қабылдануы еліміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, әділ салық жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ адал еңбек пен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.