
Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Ж.Сұлтан, ауданның құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, мекеме-бөлім басшылары мен жастар қатысты.
Жиында аудан әкімнің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы сөз сөйлеп, барша тұрғындарды Республика күнімен шын жүректен құттықтады.
– Құрметті аудан тұрғындары, қадірлі қонақтар!
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – еліміздің мемлекеттілік жолындағы маңызды қадамы, тәуелсіз Қазақстанның тарихи белесі. Республика күні халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысының, бірлік пен берекенің, елдік пен егемендіктің нышаны.
Бүгінде еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақстанды құру бағытында ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеді. Осы үлкен істе біздің аудан да өз үлесін қосып, әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің, бірліктеріңіздің нәтижесі.
Құрметті жерлестер!Бүгінгі мереке – өткен тарихымызды ұлықтап, болашағымызға сеніммен қадам басатын сәт. Осы орайда баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз берік болсын, - деді.
Салтанатты жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Атап айтқанда, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлы, Қаратөбе аудандық ветеринариялық лабораториялық зертханасының директоры Нұрсәуле Төлегенқызы, Қаратөбе ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мэлс Тілектесұлы және Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Нұржан Хамидоллаұлы марапат алып, еңбектері лайықты бағаланды.
Шара аудандық мәдениет үйі әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.