
"Кітапханашы – оқырман әлемінің шырақшысы"
Бүгін дәл осындай атаумен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің фойесінде 24 қазан – Кітапханашылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден аудан кітапханашыларын төл мерекелерімен құттықтап, үздік қызметімен танылған бір топ кітапханашыларға мерекеге орай марапаттар табыстады.
Биылғы жыл аудан кітапханалары үшін жетістіктерге толы жыл болды.
Аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып жетістіктерге қол жеткізген бір топ кітапханашылар құрметпен ортаға шақырылды.
Кітапхана - руханияттың ордасы, ал кітапханашы – сол рухани байлықтың сақшысы. Өз ісіне адал, ел игілігі үшін тынымсыз қызмет етіп жүрген кітапханашылардың еңбектері қашан да құрметке лайық.
Мерекелік іс-шарада Г.Алтайқызы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хатымен, Қазақстан кітапханалар Одағының «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгілерімен Сәуле ауылдық кітапханасының кітапханашысы Н.Қыдырғалиқызы, Сулыкөл ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Г. Жанболатқызы, Жусандыой ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Ш. Амангелдіқызы марапатталды.
Сонымен қатар кітапханашылар мен кітапхана қызметкерлері Батыс Қазақстан облысы әкімінің, аудан әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының, «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай Кәсіподақ ұйымының, Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының, Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының, Қаратөбе ауданы әкімінің, аудандық мәслихат, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің алғысхаттарымен марапатталды.
Саналы ғұмырын кітап пен оқырманға арнаған сала ардагерлері Райса, Алтыншаш,Ботакөз апаларға кітапхана ұжымы атынан сыйлықтар табысталды.
Кітапхананың тұрақты, жас оқырманы Қадыр Ринатұлы ақ иық ақын Қадыр Мырза Әлидің «Он баласы бар ана» өлеңін мәнерлеп айтып берcе, аудан көркемөнерпаздары Нұргүл Нұрбекқызы «Ел аман болсын», Нұрғиса Орынғали «Бақыт» әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді.