Шөптікөл ЖОББМ-де «IQanat» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.

Шөптікөл ЖОББМ-де «IQanat» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.

Шөптікөл ЖОББМ-де «IQanat» республикалық олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.

IQanat -еліміздің ауыл оқушыларына сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік және білім беру жобасы.

Олимпиада еліміздің ауылдық жалпы білім беретін мектептері оқушыларының зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету, сондай-ақ ауыл мектептері оқушыларының ынтасын арттыру мақсатында оздырылды.

Жалпы ауданымыз бойынша аталған олимпиадаға 2019-2020 оқу жылынан бастап оқушыларымыз қатысып келеді. Осы жылдар аралығында ауданымыздың 5 оқушысы олимпиаданың Республикалық кезеңінен жоғары балл жинап, Бурабай қаласында орналасқан халықаралық стандартпен салынған «IQanat» мектебінде 10,11 сыныптан бастап қабылданып, оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстандық және Халықаралық жоғары оқу орындарына тегін оқуға түсуге мүмкіндік алды.

Атап айтатын болсақ 2019-2020 о.ж Егіндікөл ЖОББМ-нің 9 сынып оқушысы Айбейханым Сердалина, Қаракөл МББК-нің 9 сынып оқушысы Елжас Нағимов, 2020-2021 о.ж Қ.Жұмалиев ат.ҚМГ-ның 9 сынып оқушылары Аида Болатова, Фарида Сағидуллина, 2021-2022 о.ж Шөптікөл МББК-нің 9 сынып оқушысы Жанат Сағынбаева, 2022-2023 о.ж Қ.Жұмалиев ат.ҚМГ-ның 9 сынып оқушысы Ерхан Аманғалиев Бурабай қаласында орналасқан халықаралық стандартпен салынған «IQanat» мектебіне оқуға түсті.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев «IQanat» жобасының маңыздылығына тоқталып, ауыл оқушылары үшін бұл бастаманың үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

– Бұл жоба ауыл баласының арманына жол ашатын ерекше мүмкіндік. Бүгінде ауыл мен қала арасындағы білім сапасы айырмашылығын азайту басты мақсатымыз. Осы бағытта «IQanat» қорының еңбегі зор. Ауыл мектептерінде оқитын оқушылар да кез келген күрделі тапсырманы орындай алатынын дәлелдеп жүр. Мұндай олимпиадалар олардың өз күшіне деген сенімін арттырып, үлкен арманға жетелер жол. Біз осындай жобалар арқылы ауыл жастарының білімге деген құштарлығын, табандылығын, ізденісін көріп отырмыз. Бұл – болашаққа деген үмітіміздің нышаны. Сондықтан осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып отырған IQanat білім беру қорына үлкен алғысымды білдіремін, - деді.

Сондай-ақ шара барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша «IQanat» білім беру қорының өңірлік координаторы Замзагүл Аманжолқызы сөз алып, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– «IQanat» жобасының басты мақсаты – ауыл оқушыларына сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіндік беру. Біз ауыл мектептерінде оқитын дарынды балаларға қолдау көрсету арқылы олардың өмірлік мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейміз. Жоба шеңберінде ұйымдастырылатын олимпиадалар мен дайындық курстары – сол мақсатқа жетудің нақты қадамдары. Қазіргі таңда бұл бағдарлама көптеген ауыл оқушыларына серпін беріп, үлкен жетістіктерге жетелеп келеді. Олардың ішінен еліміздің және шетелдің беделді жоғары оқу орындарына түсіп жатқан түлектер бар. Бұл – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан оқушыларға сәттілік тілеймін. Білімге деген талпыныстарыңыз ешқашан сөнбесін! - деді Замзагүл Аманжолқызы.

Айта кетейік шараға ауданға қарасты 17 мектептен 121 оқушы қатысты. Олимпиада әділ әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушыларға өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге жағдай жасалды.