
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойына орай мекемеаралық шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Спорттық шара аудан мекемелері арасында ынтымақтастықты арттыру, бұқаралық спортты дамыту және төтенше жағдайлар саласына қоғам назарын аудару мақсатында өткізілді.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Мерекеұлы қатысып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде төтенше жағдайлар қызметінің маңызы зор. Бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтар әрқашан жоғары жауапкершілікпен жұмыс істейді. Бүгінгі турнир қызметтік бірлікті, спорттық рухты және өзара қолдауды арттыратын жақсы мүмкіндік. Осындай игі бастамалар көп болсын, – деді өз сөзінде Мұхтар Мерекеұлы.
Жарысқа, өрт сөндіру бөлімі, полиция бөлімі, мәдениет үйі, Мұхит мектебі, спорт мектебі, аудан әкімдігі, аудандық аурухана, Ханкөл мектебі командалар қатысты. Тартысты өткен ойын барысында әр команда жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Қаратөбе аудандық ауруханасы жеңіп алды. Ал ІІ орынды аудандық полиция бөлімі командасы еншілесе, ІІІ орын Мұхит мектебі командасына бұйырды.
Жүлдегерлер кубоктармен, мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, бұл турнирдің жыл сайын дәстүрлі түрде өтуіне ниет білдірді.