
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған «Ауылым – алтын бесігім» атты этнофестиваль аясында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы «Өлеңнің тау тұлғасы – Қадыр!» тақырыбында Қадыр оқулары байқауы өтті.
Қадыр ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу және ақынға арнаған сайысқа қатысушының өз туындысын орындау байқаудың басты шарты болды. Аталған байқауда жеңімпаз атанып, І орынды Қоскөл ауылынан келген Әділбек Әжіғалиев иеленді. Жүлделі ІІ орынды соналылық Еркінғали Жұбанов пен қаратөбелік Меңдіқожа Сағидоллаұлы өзара бөлісті. Ал ІІІ орын жусандыойлық Раушан Өмірзақова, қаратөбелік Мөлдір Амантаева, Айту Маулетова және Сулыкөл ауылынан келген Ұлту Қайырқұловаларға бұйырды.