
Бүгін мерекеге орай далада қаз қатар тұрғызылған киіз үйлердің бірінде жыршылар өнерлерін ортаға салды. Киіз үйдегі көрермендер Орал қаласындағы Островский атындағы драма театрда суретші болып қызмет жасайтын, дарынды жыршы Сәкен Жанғазиевтің «Қыз жібек», белгілі кәсіби, дәстүрлі өнерпаз, жерлесіміз Фархат Оразовтың «Сырым Батыр» жырларын тыңдады. Сәкен Жанғазиев кәсіби өнерпаз болмаса да, көптеген жырды айтып жүрген жыршы. Атақты күйші Құрманғазы Сағырбаевтың ұстазы Ұзақ күйшінің бауыры Құлшықтан тараған өнер иесі.
Сонымен қатар колөнерді кеңінен насихаттап жүрген өнер иесі, Теректі аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ұлан Жанботаұлы мен белгілі тазы баптаушы Рауан Сатыбалдиев мастер класс өткізіп, өз өнерлері туралы әңгімелеп берді.
Киіз үй ішіндегі аталмыш іс-шараға белгілі өнер иелері Сағадат Рахметжанов пен Серік Абдрахманов қатысты.
Дала қызықтарының ең қызықтысы аламан және топ бәйгелерді тамашалаған халықтың қарасы көп болды.
Алаңда ең әуелі 18 шақырымдық топ бәйге өтті. Топ бәйгеде еліміздің әр аймақтарынан келген шабандоздардың өнері әсерлі болды. Аталмыш бәйгеде 25 ат шапты.
Топ бәйгеде ақтөбелік Мейрамбек Сақыптың, лақап аты «Мартин Барыс» сәйгүлігімен жарысқа түскен шабандоз Айдар Аленов ең бірінші болып мәре сызығынан өтіп, жарыс жеңімпазы атанып, «Лада гранта» жеңіл аутокөлігін иеленді.
Аталмыш бәйгеде ІІ және ІІІ орындар иегерлеріне 1млн және 1,5 млн теңгенің сертификаттары табысталды.
Мерекелік іс-шарада тамашаланған 24 шақырымдық аламан бәйге жарысына да еліміздің әр аймақтарынан Ақтөбе, Ақтау қалалары мен Алматы, Жамбыл облыстарынан және көрші Ресейден сәйгүліктер қатыстырылып, жалпы 12 ат шапты.
Аламан бәйгеге Алматы облысының Ұзынағаш ауылынан келіп қатысқан Мұрат Қозыбаевтың, «Жетісу» атты сәйгүлігі (Шабандозы Жолаушы Назар) мәреге бірінші болып келіп, «Чиро тиго» жеңіл автокөлігін иеленді. ІІ және ІІІ орындарды тайпақтық Құбайдолла Биғазиевтің «Мадам сюзи» атты сәйгүлігімен шапқан шабандоз Руслан Ибрахим және атыраулық Хамит Алтынбектің «Ақниет» атты сәйгүлігімен жарысқан шабандоз Жанболат иеленді.
Аламан бәйгенің ІІ, ІІІ орын иегерлеріне 2000000 және 1000000 теңгенің сертификаттары табысталды.
Аламан және топ бәйге иелерін марапаттау рәсімін аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев жүргізді.