«БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ. АДАЛ АЗАМАТ. КӘСІБИ МАМАН»

«БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ. АДАЛ АЗАМАТ. КӘСІБИ МАМАН»

«БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ. АДАЛ АЗАМАТ. КӘСІБИ МАМАН»

Бүгін қазақтың алғашқы юрисі, демократ Бақытжан Қаратаев, ғалым академиктер: Қажым Жұмалиев, Мәтжан Тілеужанов, Рақымжан Елешов, халық композиторы, әнші, ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлы, әнші-композиторлар: Ғарифолла Құрманғалиев, Ескендір Хасанғалиев, ақын-жазушылар: Берқайыр Аманшин, Құрманғазы Қараманұлы, Қайыржан Хасанов, Шолпан Қыдырниязовалар туып өскен киелі мекен Қаратөбеде дәл осындай атаумен облыстық тамыз кеңесі өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Карелұлы мен тамыз кеңесіне қатысушылар мәдениет үйінің фойесінде қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстарымен, көрмемен танысты.

Кеңесте ең алдымен сахнада өнер көрсеткен Қаратөбе балалар шығармашылығы үйі жанындағы үйірменің жас өнерпаздарының «Ұстаз. Сәттер. Сахна» - атты қойылымы тамашаланды.

Іс-шара барысында барша кеңеске қатысушылар «Ұстазым» әнін бірге шырқады,

Аталмыш тамыз кеңесіне аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, облыстық әдістемелік орталығының тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмысы бөлімінің әдіскері Әсемгүл Кулекеева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев және аудандық (қалалық) білім беру бөлімдерінің әдіскерлері, облыс бойынша қосымша білім беру педагогтары және арнайы мамандар қатысты.

Пленарлық отырысты аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан алғы сөзімен ашып, тамыз кеңесіне қатысушы ұстаздарды мерекелерімен құттықтады.

– Құрметті бүгінгі тамыз кеңесіне қатысушы ұстаздар, киелі Қаратөбе өңіріне қош келдіңіздер! Халқы 100 пайыз қазақ тілінде сөйлейтін аудандарың бірі, қаймағы бұзылмаған осы Қаратөбе ауданы. Тамыз кеңесі жылдағы дәстүрге сай өтіп келеді. Биылғы жылғы тамыз кеңесінің ерекшелігі зор. Биыл Республикалық тамыз кеңесіне Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қатысуы мұғалімдер үшін үлкен мәртебе.

Өзім педагог болғандықтан сіздердің жұмыстарыңыз маған жақсы таныс.

Бүгінгі тамыз кеңесіне инклюзивті білім беретін ерекше жандар жиналып отыр. Қаратөбе ауданында 2570 оқушы білім алуда. Ауданда қосымша білім беретін 3 мекеме: Туризм орталығы, балалар шығармашылығы үйі және музыка мектебі бар. Оқушыларға жан-жақты, сапалы білім беру жолында осы ұйымдардың педагогтары нәтижелі, жақсы қызмет көрсетіп келеді.

Қадірлі ұстаздар саналы ұрпақ тәрбиелеудегі сіздердің еңбектеріңіз айырықша, мәртебелеріңіз биіктен көріне берсін, алдағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, - деді Жасұлан Карелұлы.

Пленарлық отырыста: облыстық әдістемелік орталығының тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмысы бөлімінің әдіскері Әсемгүл Кулекеева - «2025-2026 оқу жылында Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептерінде білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктерімен» таныстырды.

Кеңес барысында Қаратөбе аудандық балалар шығармашылығы үйінің директоры Сағир Акдунова - «Қосымша білім беру: жаңа бағыт, тынымсыз ізденіс, оң нәтиже» тақырыбындағы іс тәжірибемен бөліссе, Орал қаласы білім беру бөлімінің оқушылар сарайының информатика пәнінің мұғалімі, қосымша білім беру педагогі, педагог модератор, қалалық «Үздік педагог» атағының иегері, Халықаралық робототехника байқауларының жеңімпазы, оқушылары ағымдағы жылдың маусым айында Америка құрама штаттарында өткен жарыста ІІ орын, тамыз айында Қытай халық республикасында өткен чемпионатта 130 команданың арасынан жүлделі үшінші орынға ие болған ұстаз Нұрбол Қырықбаев - «Рухы нұрлы ұстаз – заман айнасы» - тақырыбында ой бөлісті.

Мұхит атындағы ЖОББМ-нің дефектологі Айнара Қалиева - "Жаңа тыныс - ерекше балаға жаңа мүмкіндік: Мектеп тәжірибесіндегі инклюзив жобалармен таныстырды.

Кеңеске қатысушылар Мұхит атындағы ЖОББМ-нің 9 сынып оқушысы Айзат Айдосұлының орындауындағы - «Мәңгілік ел», Би орындаған «Алау» би ансамблінің, Құрманғазының күйі «Адайды» орындаған балалар музыка мектебінің ұлт аспаптар оркестрінің және тағы да басқа аудан көркемөнерпаздарының өнерлерін тамашалап, зор ықыластарын білдірді.

Пленарлық отырыс - кеңеске қатысушылардың баршасы бірігіп шырқаған «Атамекен» әнімен мәреге жетті.

Тамыз кеңесінің секциялық жұмыстары түстен кейін екі топта: аудан орталығындағы Мұхит атындағы орта мектеп ғимараты мен Алаш және Қайыржан Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде жалғасты