Кірістер басқармасы қызметкерлерін қабылдады

Кірістер басқармасы қызметкерлерін қабылдады

Кірістер басқармасы қызметкерлерін қабылдады

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 қаулысына сәйкес салық қызметі, кеден қызметі және экономикалық тергеу қызметі органдарын біріктіру жолымен Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Соған сәйкес ауданымызда мемлекеттік кірістер басқармасы құрылып, қызмет жасауда. Аталған мерекеге орай Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аудандық кірістер басқармасының қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында салық саласының қызметкерлерін құттықтаған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы:

– Сіздердің ел экономикасының тұрақты дамуына қосып жатқан үлестеріңіз – мемлекетіміздің қаржылық қауіпсіздігі мен салықтық тәртіптің сақталуындағы басты тіректердің бірі. Мемлекеттік кірістер жүйесі – тек салық жинау ғана емес, сонымен қатар көлеңкелі экономиканың алдын алу, бизнеске әділ жағдай жасау, еліміздің экономикалық егемендігін қамтамасыз етудің маңызды құралы.

2021 жылы аудандық бюджетке 458,6 млн. теңге мөлшерінде салық түссе, биылғы жылға 1 млрд. 043,1 млн. теңгені құрап отыр. Көріп отырғандарыңыздай түсетін салық мөлшерінің 2 еседен артық ұлғаюы Асхат Айбарұлы басқарып отырған кірістер органдары қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз.

Ауданымызда да кірістер саласындағы қызметкерлер өз істеріне берілген, білімді, тәжірибелі азаматтар екенін жақсы білеміз. Сіздердің табысты жұмыстарыңыздың арқасында аудан бюджеті тұрақты түрде толықтырылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр, - деді.

Мерекелік жүздесу барысында Қаратөбе ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Жарасхан Ерғалиев, аудандық кірістер басқармасының бас мамандары Сәндігүл Жумаева, Ирина Исқали, Айкөркем Уразаева, жетекші маман Ержан Алпысбаевтар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов Қаратөбе ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, толайым табыс тіледі.

Кездесу соңында Қаратөбе ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Асхат Абденов мерекеге орай қабылдаған аудан басшысына алғыс білдірді.