«АRT time» тәжірибе алмасу семинары
5 тамызда Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен мәдениет үйі қызметкерлері мен ауылдық мәдениет үйі және ауылдық клуб меңгерушілеріне арналған «АRT time» тақырыбында тәжірибе алмасу семинары өтті.
Мәдениет қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, мәдени-демалыс ұйымдарының озық тәжірибесін тарату, саладағы жаңа бағыттар мен заманауи әдістерді игеру, көркемдік жетекшілердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинар жоғары деңгейде өтті.
Тәжірибе алмасу семинарының ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден мәдениет саласы мамандарын бірлесіп жұмыс жасауға, қолға алған жобаларды жауапкершілікпен атқаруға, жергілікті халықпен тығыз жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар, әлеуметтік желіге ақпараттарды сауатты түрде жариялау керектігін, мәдениет мамандары өзара үнемі тәжірибе алмасу қажеттігін тілге тиек етті.
Семинардың негізгі бөлігінде аудандық және ауылдық мәдени-демалыс мекемелерінде іс-құжаттардың жүргізілу және жазылу үлгілері жөнінде «Ақпарат» теория сағатын аудандық мәдениет үйінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Кенжегүл Малдуова жүргізді.
«Музыкалық аппаратураны жүйелі түрде пайдалану тәсілдері» тақырыбында аппарат түрлерімен таныстыру және оларды пайдалану жолдарын мәдениет қызметкері Азамат Жексенбаев түсіндірсе, «Медиа тренд – заманауи мобилография» тақырыбында заманауи трендтті үйрену, ақпаратты сапалы әрі жедел жеткізу жайында режиссер, мобилограф Ақылбек Амантай ақпараттарымен бөлісті.
Әлеуметтік желіде ақпарат жариялау, қарым-қатынас орнату жөнінде «Әлеуметтік желі – ақпарат алаңы» тақырыбында аудандық мәдени-демалыс орталығының маманы Гүлсезім Жәрдем түсінік берсе, «Дауыс өңдеу, минусовканы дауысқа келтіру» тақырыбында аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Таңат Жексенбаев ақпараттармен бөлісті.
Түскі үзілістен соң «АRT time» тәжірибе алмасу семинарына қатысушылар арасында тренинг ұйымдастырылып, семинар қорытындыланды.