Мерейдің ән кеші
Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен "Әншісі Қаратөбенің" жобасы аясында аудандық мәдениет үйінің талантты әншісі Мерей Амангелдиев жеке концертін ұсынып, көрермендерге шынайы өнердің шуағын сыйлады.
Кеш жас өнерпаздардың репертуарын жинақтау, қазақ композиторларының кең таралған және сирек орындалатын әндерін орындау арқылы ұлттық музыкалық мұраны жаңғырту, Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына орай композитордың шығармаларын насихаттау және жергілікті әуесқой композиторлардың әндерін орындату арқылы олардың шығармашылығын көпшілікке таныту мақсатында оздырылды.
Кеш барысында Мерей Сағызбайұлы орындаған әндер қатарында қазақ музыкасының інжу-маржандары мен жергілікті авторлардың төл туындылары орын алды.
Кеш барысында өнер иесі Әсет Бейсеуовтің жүрекке жылы «Ауылдың адамдары-ай», Мұнайдар Балмолданың тебіреніске толы «Анамның жаққан ошағы», Алтынбек Қоразбаевтың сырлы сезімге құрылған «Айдай сұлу аруым», сондай-ақ Тұрдықылыш Ізтайдың халық жүрегінен орын алған «Нұрикамал», Шәмші Қалдаяқовтың нәзік лирикаға толы «Бақыт құшағында», Ескендір Хасанғалиевтің елге деген сағынышты бейнелейтін «Айналдым елім», Жаскелен Ғайсағалиевтің махаббат тақырыбындағы әсем туындысы «Ән махаббат» секілді қазақ музыкасының алтын қорына енген әндерді жанды дауыста орындап, тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді.
Кеш соңында өнер иесіне Мерей Амангелдиев көрермендер зор ықылас білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
– Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік пен құрмет. Туған жерімнің халқы алдында өнер көрсету әрбір өнерпаздың арманы. Бүгін мен сол арманның орындалғанына куә болдым. Бұл концерт арқылы өзімнің репертуарымды ғана емес, халқымыздың рухани байлығын, композиторларымыздың жүрекпен жазылған әндерін халықпен қайта қауыштырдым. Әсіресе Ескендір Хасанғалиев сынды ұлы тұлғаның сирек орындалатын әндерін халыққа жеткізу үлкен мәртебе. Бұл менің шығармашылығымдағы маңызды қадамдардың бірі, әрі қарай да ел сенімін ақтауға барымды саламын», – деді әнші Мерей Амангелдиев.