Новое дыхание сельского здравоохранения

Новое дыхание сельского здравоохранения

Ауыл денсаулығына – жаңа тыныс

Саралжын ауылдық округіне қарасты Сәуле ауылында күрделі жөндеуден өткен медициналық пункт ресми түрде пайдалануға берілді. Пункт ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Заманауи талаптарға сай толық жабдықталған медициналық мекеме енді жергілікті халыққа сапалы алғашқы медициналық қызмет көрсететін болады. Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың іші-сырты толық жаңартылып, жаңа медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Сайдар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мердігер мекеме белгіленген мерзімде сапалы жұмыс атқарып, тұрғындардың ризашылығына бөленді.

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Карелұлы арнайы қатысып, ауыл халқын жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде ауыл инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде денсаулық сақтау саласын жаңғырту аудан басшылығының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бүгін Сәуле ауылы үшін қуанышты күн. Бұрынғы талаптарға сай келмейтін ескі ғимараттың орнына заман талабына толық сәйкес келетін, қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған жаңа медициналық пункт ел игілігіне беріліп отыр. Ауыл халқы қалада тұратын азаматтармен тең дәрежеде сапалы медициналық көмек алуға құқылы. Бүгінгі нысан – соның айқын дәлелі. Бұл ғимарат тек денсаулық сақтау орны ғана емес, тұрғындардың саулығы мен әл-ауқатын арттыратын маңызды әлеуметтік орталыққа айналмақ. Алдағы уақытта да ауылдардың әлеуетін көтеру жолындағы жұмыс жалғасын табады, - деді Жасұлан Карелұлы.

Салтанатты шара барысында жаңартылған нысанның лентасын қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары мен ауыл ақсақалы, зейнеткер Ермек Лұқпановқа жүргізді.

Салтанатты жиынға қатысушылар жаңа медициналық пункттің ішін аралап көрді.

Сәуле медициналық пунктінің фельдшері Ұлдай Жұбанқызы жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі медицина қызметкерлері мен тұрғындар үшін үлкен қуаныш екенін айтып, шынайы алғысын жеткізді.

– Көп жылдан бері ауылымызда медициналық пункттің жағдайы қиын еді. Ескі ғимаратта жұмыс істеу де, науқастарды қабылдау да оңай болған жоқ. Енді міне, кең, жарық әрі барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа нысанға көшіп, қуанып отырмыз. Бұл – тек медицина қызметкерлеріне ғана емес, бүкіл ауыл халқы үшін үлкен қамқорлық. Осындай қолдау көрсеткен аудан басшылығына және құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген «Сайдар» ЖШС ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін, - деді Ұлдай Жұбанқызы.

Жаңартылған медициналық пункт енді тек ем-шара ғана емес, ауыл тұрғындарының денсаулығына жанашырлықпен қарайтын сенімді мекемеге айналары сөзсіз. Бұл – елдің ертеңіне жасалған нақты қамқорлықтың көрінісі.