Облыстық ашық турнир мәреге жетті
Шілде айының 11-і күні Қаратөбеде медицина саласының қызметкерлері арасында 6 шілде – Астана күні мерекесіне арналған волейболдан облыстық ашық турнир өтті.
Аталмыш турнирдің ашылу салтанатында облысымыздың Бөкей ордасы, Жаңақала, Тасқала, Шыңғырлау аудандарының және Орал қаласындағы Жедел жәрдем, Көп бейінді қалалық аурухана, Облыстық психикалық денсаулық орталығы және Қаратөбе аудандық ауруханасының құрамалары сап түзеді.
Сап түзеген командаларды аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық аурухананың басшысы Ербол Меңдіғалиев турнирдің ашылу салтанатымен құттықтап, жылы лебіздерін айтты.
– Қадірменді меймандар! Бүгінгі қасиетті Қаратөбеде медицина саласы қызметкерлері арасында волейболдан өткелі отырған облыстық ашық турнирге қош келдіңіздерІ
«Спорт-денсаулық кепілі», - демекші бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға белсене ат салысып жүрген адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандар сіздердің қоғамдағы еңбектеріңіз зор. Айтулы жарыста сіздерге сәттілік тілеймін және турнирді ашық деп жариялаймын, - деді Жасұлан Карелұлы.
Жарыстың ойын ережесімен турнирдің бас төрешісі Оралбай Берікұлы таныстырып өтті.
Командалар 4 топқа бөлініп аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешені және Мұхит атындағы орта мектебінің спорт залдарында тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешенінің спорт залында алғаш болып, Жедел жәрдем және Жаңақала ауданының командалары ойынды бастап, ойын барысында алғаш болып есепті жаңақалалықтар ашты.
Командалар арасындағы ойындар түстен кейін одан әрі жалғасты.
Жарысқа қатысқан командалардың барлығының да тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп-ақ тұрды. Соның іңшінде шебер ойын өрнегін көрсетіп көрермендердің көзіне түскен Тасқала ауданының волейболшылары жүлделі І орынды жеңіп алып, турнир жеңімпазы атанды. Ал жүлделі ІІ орын Орал қаласындағы ОЦЗП мекемесіне бұйырса, Орал қаласындағы Жедел жәрдем мекемесі ІІІ орынға табан тіреді. Ал, Қаратөбе аудандық ауруханасының құрамасы «Жеңіске деген жігері үшін» - аталымына ие болды. Сонымен қатар командалар бойынша жеке ойыншылар арасында Орал қаласындағы Жедел жәрдем мекемесінің қызметкері Жұлдыз Мұратова – «Үздік қорғаушы», тасқалалық Ерназар Халелов – «Үздік ойыншы», Орал қаласындағы ОЦЗП мекемесінің қызметкері Ғалима Ғалиханова – «Үздік байланыстырушы», қаратөбелік Нұрбол Нарғынбек – «Үздік шабуылшы» атанды.
Бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленген Тасқала ауданының, ОЦЗП және Жедел жәрдем мекемесінің командаларына 70 мың, 50 мың, 30 мың теңгенің сертификаттары және І-ІІ-ІІІ дәрежелі дипломдар мен медальдар, кубоктар табысталды. Жекелеген ойыншылар арасында аталымдарға ие болған споршылар да сыйлықтарға ие болды.
Жарыс жеңімпаздары мен аталымдар иелеріне мараптаттар табыстау рәсімдерін аудан әкімі аппаратының басшысы Дат Жәнібеков, аудандық аурухананың бас дәрігері Ербол Меңдіғалиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахадден, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Фариза Серік жүргізді.
Аталмышт турнирді қорытындылаған аудандық аурухананың директоры Ербол Қуанышұлы жарысқа қатысушы қалған командаларға орын алмаса да, алтын уақыттарын бөліп, жарысқа белсене қатысып ойын көрсеткендері үшін алғыс хаттар мен 15 мың теңге ақшалай сыйлықтар табыстады.