
Қаратөбеде елорда күні айрықша аталып өтті
Көркімен көз тамсандырған сұлу Астанамыздың мерейін, мәртебесін асқақтатуға арналған “Ел жүрегі – Астана” атты мерекелік концерт аудан орталығында жоғары деңгейде өтті.
Айшықты мерекеге орай құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев жиналған жұртшылықты елорда күнімен құттықтады.
– Баршаңызды ұлы еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елорда – Елбасының көреген саясатының, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының жемісі. Бүгінде Астана – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мақтанышына айналған жауһар қала. Ол – жаңашылдықтың, өркендеудің, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктердің көрінісі.
Мемлекетіміздің басты саяси шешімдері қабылданып, тарихи бастамалар бастау алатын Астана – әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алған. Еліміздің барлық өңірлері, соның ішінде біздің ауданымыз да, елордамызбен біртұтас дамып, кемел келешекке қадам басып келеді. Бұл – ортақ еңбектің, бірліктің және тұрақтылықтың айқын көрінісі.
Сіздерге зор денсаулық, әр шаңыраққа бақ-береке, ел игілігі жолындағы істеріңізге табыс тілеймін!
Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, Астанамыз мәңгі жасай берсін! – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, елорда күніне орай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар жұмысшы мамандық иелері Қаратөбе аудандық электр торабының электр жөндеушісі Наурызбай Әбдіғалиұлы, Қаратөбе аудандық электр торабының электр жөндеушісі Ғарифолла Есқалиев, «Бақыт жолдары» ЖШС-ның жол шебері Берекет Баянғалиев, Қаратөбе аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су жүйесінің қызметкері Арман Байтілеуов, Сырым газ шаруашылығының 3-разрядты жер асты газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі Абзал Құбаниязов, Сырым газ шаруашылығының 4-разрядты апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі Әли Ізғалиев аудан әкімінің алғысына бөленді.
Мерекелік шараның концерттік бағдарламасында аудандық мәден-демалыс орталығының көркемөнерпаздары аудан тұрғындары мен қонақтарына әсем әндерін тарту етті.