Қайырымды жандар үй салып берді

Қайырымды жандар үй салып берді
Қайырымдылық айлығы қарсаңында Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Үшағаш елді мекенінде ізгілікті іс жүзеге асты. Мейірімді жандардың жанашырлығы арқасында жалғызбасты анаға жаңадан үй салынып, пайдалануға берілді.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, тұрғын үйі апатты жағдайдағы Үшағаш ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Гүлсара Шонаеваға жаңадан шағын екі бөлмелі үй салынды. Ізгілікті істің жүзеге асуына ұйытқы болған «Сажда» киімдер желісінің Ақтөбе өңірлік филиалы ұжымы және аудандық «Ізгілік» қоғамдық бірлестігі. Сонымен қатар үй құрылысын жүргізу мен үйге қажетті жабдықтар алуға қаратөбелік ерікті жастар қол ұшын беріпті.
Көпшіліктің көмегімен салынып, пайдаланылуға берілген тұрғын үйдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Самғат Зейнуллин, аудандық «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмірбек Жәнібеков, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржамал Берниязова жаңа қоныс иесіне «Құтты болсын!» айтып, «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігі атынан сыйлық табыс етті.
Пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйдің лента қию рәсімін ардагер ақсақал Аманжан Әнесов пен аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржамал Сәрсенқызы жүргізді.
Жаңа тұрғын үйге ие болған Гүлсара Шонаева:
– Жаңбыр жасуса үйімнің ішіне су ағып, үйім құлағалы тұрды. Апатты жағдайда тұрған үйімді көріп жаңа үй салуға қол ұшын берген барша мейірімді жандарға алғысымды білдіремін. Жаздай күннің ыстығына қарамай үй құрылысын жүргізген ерікті жастардың еңбегі зор. Жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын. Қаумалап келіп көмек берген жандарға ризамын - дейді.