Халық қалаулысының елге сапары
Бүгін ауданымызға арнайы сапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев келді.
Депутатты аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Н.Меңдешов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы А.Зейнуллин күтіп алып, бүгінгі таңда салынып жатырған Шөптікөл ауылының мәдени-спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен таныстырды.
Нысан партияның 2023-2027 жж арналған сайлауалды бағдарламасының жол картасына енгізілген. Сайлаушылардың кезінде берген аманаты орындалуда. Құрылысқа қаражат бөліп отырған КПО компаниясы, жауапты мердігер «Тәуекел» ЖШС шамамен 1 миллиардқа жуық жоба. Қазір жары қаланып құрылыс қарқынды жүруде. 25 адам, 12 арнайы техника жұмыс жасауда.
Өз кезегінде, Нартай Аралбайұлы мәдени-спорт кешен құрылыстың қарқынын көріп, жұмысты жүргізіп жатырған жауапты мердігерлер өкілдерімен кездесіп, жұмысты сапалы жүргізіп, қарқынды күшейту қажеттігін айтты.
– Қаратөбе ауданы бұл бірінші сапарымыз емес. Жыл сайын аяқтай келіп жүрмін. Бұдан бөлек былтырғы алапат су тасқыны кезінде азаматтармен бірге болдық. Одан кейін салынған тұрғын үйлердің құрылыс барысын және Қаратөбені барлық жерін аралаған болатынмын. Енді биылғы жылы Аққозыдағы үйлерді бақылау мақсатында келдік. Аудан әкімінің баяндамасын тыңдап, ауыл азаматтары суға кеткен үйлерінің қораларын бұзып алу мәселесін естіп отырмын. Бұл бойынша тұрғындар түсіністік танытып, тез арада көшуі қажет.
Ендігі кезекте ең үлкен мәселе Қалдығайты және Жақсыбай өзеніне көпір салу мәселесі. Бұны былтырғы жылы келгенде көзбен көргенбіз. Су тасқыны кезінде көпірді мұздардың әбден талқан қылғаның көріп, естідік. Енді бұл бойынша арнайы жобалық сметалық құжаттардың дайын болғаны жөнінде деректі алып отырмын. Ендігі кезекте біз осы мәселемен айналысамыз. Өйткені дер кезінде қаражатты бөлу керек. Себебі өткел бермейтін өзеннің арғы бетінде 7-8 елді мекен болғандықтан бұл өте маңызды және шешімін табу керек.
Тағы өзекті мәселелердің бірі әлеуметтік инфрақұрылымдардың мәселесі. Облыс орталығынан шалғай болғандықтан кей аудан, ауылдарымызда әлеуметтік, мәдени, спорттық нысандарға қатысты көңіл бөлінбей қалатыны бізді қатты қынжылтады. Осы мәселені реттеу бойынша көптеген ұсыныстар болды. Соның ішінде «AMANAT» партиясы сайлау алды бағдарламасы негізінде Қаратөбеде мәдени спорттық үлкен нысан салыну керек болатын. Мінекей бүгін соның бәрін көріп отырмын. Бұл енді шалғай жатқан ауылдағы азаматтарға, талантты жастарға тиісті жағдай жасау үшін бұндай нысандар ауадай қажет, - деді депутат Нартай Аралбайұлы.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты тұрғындармен де кездесті. Кездесуде партия ардагері Еркінбек Жәнібеков аудан іргесіндегі «Қалдығайты» өзенімен өтетін көпір мәселесін көтерді.
– Жылда халық зардап шегеді. Соңғы 3-4 жылдан бері судың қарқыны қатты. Кеңес заманынан бергі арналар әбден бітеліп құм басқан. Аудан әкімшілігі бар күштерімен халықты ұйымдастырып амалдауда. Ал оның жағалау аумағы үлкейіп, уақыт өткен сайын әл беретін емес. Онымен Сізде таныссыз, былтыр барып көрдіңіз. Біздің сұрайтынымыз сол көпірді аяғына дейін жеткізіп, іргесін нығайту. Халықтың да сұрап отырғаны осы мәселе. Себебі көктемде бар бейнетті арғы беттегі ағайын мен осы аудан орталығы көреді, қазір өзен ауылдың іргесіне жақындады, - деді.
Сонымен партия ардагері Қалдығайты ауылына баратын және Самара Шымкент тас жолына қосатын Жусандой-Ханкөл бағытындағы жолды асфалттау мәселесіне ықпал етуін аудан тұрғындары атынан сұрады.
Депутат Нартай Аралбайұлы мәселені толықтай тыңдап көпір, мәселеге назар аударып, аудан басшысынан толық қанды мәлімет алды. Көпір мәселесін қолға алып және жол мәселесі бойынша аудан басшылығымен бірлесіп жұмыстанатынын айтты.