Ақ халатты ардагермен сырлы сұхбат

Ақ халатты ардагермен сырлы сұхбат

Ақ халатты ардагермен сырлы сұхбат

Қаратөбе өңірінің дара тұлғаларының бірі, Қаратөбе ауданының "Құрметті азаматы", медицина саласында ұзық жыл адал еңбек етіп, талай жанның өміріне араша болған абзал азамат Махсот Мырзаханұлы биыл 70 жасқа толып отыр. Осыған орай Алаш және Қ. Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Қаратөбенің Гиппократы» атты сыр-сұхбат өтті.

Кеш барысында Махсот Мырзаханұлы өзінің өмір жолына тоқталып, бала күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі естеліктерімен бөлісті. Жылы жүздесу аясында Махсот аға қарапайым еңбекпен басталған ғұмыр жолын, мамандық таңдауындағы шешуші сәттерді және дәрігерлік қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін тебірене баяндады.

Ол Қаратөбе топырағында дүниеге келіп, туған ауылындағы мектепті тәмамдаған соң, арман қуып, медициналық білім алуға бел буды. Қиындық пен қажыр қатар жүретін дәрігерлік жолға қадам басқан бозбала кейін елге оралып, туған жердің денсаулық сақтау саласына бар күш-жігерін арнады.

Жергілікті ауруханада талай жыл еңбек еткен Махсот ағамыздың өмір жолы табандылық пен адалдықтың айқын үлгісі. Ол өз ісіне шын берілген маман ретінде әрдайым науқастың жанын түсіне білетін, ақ халаттың абыройын сақтайтын азамат болып қала білді.

Сыр-сұхбатта күтпеген қонақ ретінде Махсот Мырзаханұлының бала күнгі сыныптасы әрі жан досы Милат Біранов сахнаға көтерілді. Көпшілік таңырқай қарсы алған құпия қонақ Махсот ағаның жастық шағынан қызықты естеліктермен бөлісіп, залда отырғандардың көңілін бір серпілтті.

Милат Біранов Махсот ағамыздың адамгершілік қасиеттерін, адалдығын және қиын сәттерде досқа деген адал қолдауын атап өтті. Ол сондай-ақ ауыл жастарының арасында Махсот ағаның көшбасшылық қабілеті мен ақылгөйлігі ерекше құрметке ие болғанын айтты.

Кеш барысында көрермендердің жүрегін елжіреткен ең ерекше сәттің бірі Махсот Мырзаханұлы өлім аузынан аман алып қалған бала – Төреғали туралы оқиға болды. Оқиға жөнінде толғаған анасы Гүлжанат Қалиева көзіне жас алып еске алды.

— «Ол күн өмірімдегі ең ауыр сәттердің бірі болды. Ұлым Төреғали небәрі 9 айлық кезі еді. Бір сәтте байқамай, еңбектеп жүріп, есіктен сыртқа шығып кетіпті. Желтоқсан айы болғасын күн қатты салқын еді. Біз оны іздегенше біраз уақыт өтіп кетті. Табылғанда, баламның денесі мұздап, тынысы үзіліп, үмітіміз үзіліп тұрды. Сол сәтте жедел жәрдеммен хабарласып, Махсот ағай келді. Ол сәбиді қолына алып, тоқтамай күресті. Қайта-қайта жүрегін уқалап, жылулық беріп, өмір жібін қайта жалғады. Ақыры Алла сәтін салды – балам тірілді. Бұл біз үшін екінші туған күн еді,-деп еске алып, иығына шапан жапты.

Бүгінде Төреғали мектеп оқушысы 2 сыныпты сәтті тәмамдаған. Ойын баласы болғанымен, ата-анасы оның осы бір ауыр сәттен қалай аман қалғанын үнемі еске салып, Махсот Мырзаханұлына деген ризашылығын жүрегіне ұялатып келеді.

Сыр сұхбатқа мерейтой иесі Махсот Мырзаханұлы жұбайы ақ жаулықты Сақыпжамал апамызбен бірге арнайы шақырылып, көпшілікпен жылы жүздесу өткізді. Шара шынайы естеліктер мен жүрекжарды тілектерге толы болды. Ауылдастары мен замандас-достары сөз алып, Махсот ағамыздың адамгершілігін, біліктілігін, өмірлік ұстанымдарын тебірене еске алды.

Кешке көршілері Бейбіт ағамыз бен Байболат ағамыз, медицина саласындағы әріптесі әрі замандасы Жансұлу Елесқызы, Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлы, сондай-ақ ауданның белсенді жастары қатысып, өз лебіздерін білдірді.