Түлектер аттестат алды
19 маусым күні Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясын бітіруші түлектерге арнап «Қош бол, алтын ұя мектебім!» атты жас түлектерге орта білім бітіргендігі туралы аттестат табыстау кеші өтті. Мектеп бітіруші түлектерге арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан қатысты.
2024-2025 оқу жылын Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясын 26 шәкірт табысты аяқтады. Оның ішінде 3 түлек «Үздік аттестатқа» қол жкеткізді.
Салтанатты кеште сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:
– Мектеп бітіруші түлектер, сіздер ауданымыздағы бірегей білім ордасы Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиысын тәмамдап үлкен өмірге қадам жасағалы тұрсыздар. Болашақ – білімдінің қолында демекші алдағы уақытта білімдеріңізді шыңдап, қалаған маман иесі болыңыздар. Ұстаздарыңыз бен ата-ана сенімін ақтаңыздар. Әр ата-ананың үкілеген үміттерін біліммен сусындатқан ұстаздарына алғысымыз зор, - деп, мектепті «Үздік аттестатқа» аяқтаған түлектерді марапаттады.
Одан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, мектеп директоры Мираш Өтеғалиева шәкірттеріне ақ жол тілеп, он бір жыл оқыған білім ордасын бітіргелі тұрған түлектерге аттестаттарын табыстады.
Кеш барысында бала шақтан болашаққа қадам басқалы тұрған жас түлектердің ата-аналары атынан Жария Оразалина, Мұратбек Тапауов мектеп бітірушілерді мерейлі қуаныштарымен құттықтап, сəтті қадам тіледі.
Шара соңында мектеп бітіргелі тұрған түлектер ән шырқап, би билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.