Зейнет жасымен құттықтады
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданның зейнетақы төлеу жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Қаратөбе аудандық бөлімінің басшысы Сағима Далабаеваның зейнеткерлік жасқа шығуына байланысты жиын өтті.
Жауапты қызметті абыроймен атқарып келген Сағима Сәулебайқызын аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев зейнет жасымен құттықтады.
– Сіз ұзақ жылдар бойы зейнетақы төлеу жүйесінде, кейін халыққа қызмет көрсету саласында абыройлы қызмет атқарып келдіңіз. Еңбек жолыңызда зейнетақы реформасын жүзеге асыруда зор еңбек сіңірдіңіз. Ауданымыздың дамуы жолында еңбек етіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып келдіңіз.
Сізге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесіңіз үшін алғыс білдіре отырып, зейнеткерлік өміріңізде қуанышты сәттер мен бақытты күндеріңіз көп болсын, - деген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы басшысының және өз атынан құттықтау хат табыстап, Сағима Сәулебайқызының иығына камзол жапты.
Жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, әріптестері атынан Айдарбек Семенов жылы лебіздерін білдіріп, қызметтегі біліктілігі, жұмысына жауапкершілігі, ұжымға сыйлы басшы екендігі турасында әңгімелеп, отбасына амандық тіледі.