Ақ халатты абзал жандарға құрмет ерекше
Денсаулық – ұғымы ақ халатты абзал жандарға етене жақын ұғымдардың бірі. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. 12 маусымда Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің төл мерекеcіне орай салтанатты шара өтті.
Аталған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан және аудандық аурухана ұжымының қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз алған Жасұлан Кәрелұлы:
– Маусым айының үшінші жексенбісі – жан дүниенің шипагері, жүрек жылуын адам өміріне арнаған медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – Гиппократ антына адалдықпен қызмет етіп, адам өмірін арашалауға жанын салған, күн-түн демей ел саулығы үшін еңбек етіп жүрген сіздерге көрсетілер шынайы алғыс пен құрметтің белгісі.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 3 жаңа медициналық пункт пен табиғи апат салдарынан жарамсыз болған фельдшерлік-акушерлік пункттің орнына жаңа ғимараттар салынып, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, биыл 1 дәрігерлік амбулатория мен 1 медициналық пунктке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауруханамыздың материалдық-техникалық әлеуеті де жыл сайын нығайып келеді. 7 санитарлық автокөлік сатып алынып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейі артып отыр. Атап айтқанда: стоматологиялық жиынтықтар, наркоз-тыныс алу аппараты, жаңа туған сәбилерге арналған ларингоскоп, компрессорлық ингалятор, аудиологиялық және тредмил аппараттары алынып, халық игілігіне ұсынылуда, - деді.
Кезегінде сөз алған Қаратөбе аудандық ауруханасының директоры Ербол Меңдіғалиев:
– Бүгінгі таңда елімізде халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылдан бері қолға алынған «Денсаулық» атты 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама – осының айғағы. Мақсатымыз – дені сау ұлт қалыптастырып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сенімді негіз қалпына келтіру.
Ауданымызда қазіргі таңда 23 жоғары білімді дәрігер мен 112 орта буынды медицина қызметкері тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді. Бұл – күн сайын өмірмен бетпе-бет келіп, әрбір сәтте адам тағдырына араша түсіп жүрген үлкен күш, үлкен жауапкершілік.
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – адам өміріне деген құрметтің, жанашырлық пен жанкештіліктің жарқын үлгісі. Еңбектеріңіздің өтеуі – мыңдаған алғыс пен аман қалған ғұмырлар,- деді.
Сонымен қатар, медицина саласы мамандарын аудандық мәслихат аппаратының басшысы Берікқали Муса құттықтап мәслихат төрағасының алғыс хатымен бірқатар ақ халатты абзал жандарды марапаттаса, медицина саласының ардагерлері атынан Алмаш Бейсенқызы құттықтау сөз сөйледі.
Медицина саласы мамандарының төл мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының алғыс хатымен, аудан әкімінің алғыс хатымен, аудандық аурухана директорының алғыс хатымен бірқатар медицина қызметкерлері марапатталды.
Кеш соңында аудандық аурухана қызметкерлері мен аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары мерекеге орай әннен шашу шашты.