Қаратөбеліктер велошерушілерге қолдау білдірді

Қаратөбеліктер велошерушілерге қолдау білдірді

Қаратөбеліктер велошерушілерге қолдау білдірді
2025 жылғы 26 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласынан Жұмысшы мамандықтар жылына арналған «Алтайдан Оралға дейін» республикалық велошеруі басталған болатын.
Республикалық велошеру 7 маусым күні Қаратөбе ауданының аумағына келіп жетті.
Велошерушілерді қарсылау шарасына Қаратөбе ауданының жастары, мәдениет қызметкерлері, Қаратөбе колледжінің қызметкерлері қатысты.
Ақтөбе облысынан келген велошерушілерді қаратөбеліктер сән салтанатымен қарсылап алып, ақ дәм ұсынды. Алыс жолдан келген спортшы меймандарға ақ жаулықты аналар тәттілерден шашу шашса, әншілер ән салып өз қолдауларын білдірді.
Велошеруге қатысушыларға «Қош келдіңіз!» айтқан Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден айтулы шараның мәні мен мақсатына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мәулен Аманшаұлы өз сөзінде «Алтайдан Оралға дейін» республикалық велошеруі жастардың кәсіби шеберлігі мен спортқа деген құлшынысын ұштастыра отырып, олардың денсаулығы мен табандылығын арттыруға бағытталғандығын атап өтті. Жұмысшы мамандықтар жылын кеңінен насихаттауға арналған ауқымды іс-шара екендігін жеткізді.
Өскеменде бастау алған велошеру еліміздің сегіз өңірі - Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары, Астана қаласы, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары арқылы өтеді.
Салтанатты қарсы алу шарасынан кейін велошеруге қатысушылар сапарын жалғастырды.
Республикалық велошеру 8 маусым күні Орал қаласында мәресіне жетеді.