РУХАНИЯТ – ҰЛТТЫҢ МӘЙЕГІ
Жаһандану дәуірінде ұлттың өз болмысын, төлтума табиғаты мен дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтап отыруы оңай емес. «AMANAT» партиясы тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды жүзеге асыруда. Бұл – біздің ұлтымыздың, халқымыздың алдындағы перзенттік парызымыз болып табылады.
Осы мақсатта, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен кешенді шаралар жүзеге асуда. Соның бірі «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледж студенттерін, «Жастар Рухы» ЖҚ БҚО белсенділерін өңіріміздегі тарихи орын саналатын Сырым және Қаратөбе аудандарындағы тарихи кешендермен таныстыру шарасы ұйымдастырылды.
Шараға тарих ғылымдарының кандидаты, тарихшы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті Жаңабек Жақсығалиев, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев және «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облысы филлиалының атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиева және жастар қатысты.
Алдымен ауданымызға алғаш табандары тиген студент жастар мен қонақтарды аудан кіре берісінен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан күтіп алды.
Келген меймандар Алаш және Қ.Хасанов атындағы музейге экскурсия жасап, арнайы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып тағзым етті.
Шарада аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Алаш жұртының зиялылары» аттыкітап көрмесі таныстырылды.
Одан соң музейдегі Қ.Хасанов атындағы залда меймандармен тағылымды кездесу өткізілді. Сөз алғандар жастармен еркін тақырыпта сұхбаттасты.
Аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев елге келген қонақтар мен жастарға қош келдіңіздер айтып, алғы сөз сөйледі.
– Тарих беттерінде ерекше аталып, келешекке өшпестей етіп ерлік пен елдіктің ізін қалдырған, тәуелсіздік жолында жанын қиған осынау Алаштың арда туған азаматтарының ұлы есімдері егемен Қазақстанның тағылымды тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.
Жастар тарихты білуі керек. Қазақтың ұлт ретінде, мемлекет ретінде қалай сақталғаны жадымызда сақталуы керек. Бүгінгі ашық аспан астында, бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз елінің азаттығы, бірлігі, ынтымағы мен болашағы үшін күресіп, соның жолында жанын құрбан еткен қайсар бабаларымыздың арқасында екенін біліп жүру керек, - деді аудан башысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Кезегінде сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті, жерлесіміз Жаңабек Жақсығалиев қазақтың зұлмат заман кезеңдеріндегі тарихына, тарихи оқиғаларға тоқталып маңызды мәлметтермен бөлісті. Сонымен қатар, қазақ жастарының білімді болуға ұмтылу қажеттігі, тарихымызды білу, мамандығы бойынша білікті маман болу бағыттарында әңгіме өрбіткен Жаңабек Жаңабайұлы жастар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.
«АМАNАТ» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары А.Семғалиева маңызды шараның басты мақсатына тоқталып «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Бөкей ордасы ауданынан бастау алған экскурсияның маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі екі ауданға жоспарланған сапарға атсалысқан ғалым Жаңабек Жақсығалиевке еркеше алғыс айта отырып, қолдау көрсеткен Қаратөбе ауданы әкімдігіне ризашылығын білдірді.
Шараға белсенді қатысқан Ж.Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледж студенттеріне «Кітап АМАNАТЫ» жобасы аясында естелікке құнды кітаптар тарту етті. Кездесуге қатысушылар естелік суретке түсіп тарқасты.