Ардагерлер ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті
Бүгін аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудандық ардагерлер кеңесінің және «Қаратөбе» спорт клубының ұйымдастыруымен зейнет жасындағы ардагерлер арасында ұлттық спорт түрлерінен аудан біріншілігі оздырылды.
Ұлттық ойын түрлерінен өткен жарысқа қатысушы ардагерлер садақ ату, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ ойындары бойынша өзара жарысқа түсті.
Спорттық шара мемлекеттік гимннің орындалуымен бастау алды.
Аудан біріншілігінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан жарысқа қатысушы ардагер спортшыларды спорттық шараның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Ардагерлеріміздің жас ұрпаққа тәрбие берудегі қоғамдағы рөлі айырықша. Еңбек пен спортты бірге жанына серік еткен ардагерлеріміз көп. «Спорт - денсаулық кепілі» - демекші салауатты өмір салтын насихаттау ісіне ардагерлеріміз белсене атсалысуда. Ауданымызда ардагерлер арасында түрлі спорттық ойындардан жарыстар өткізіліп келеді. Ұлттық ойын түрлерінен оздырылғалы отырған шараға өнерлерін көрсетуге келген ардагер спортшыларымызға айтар алғысымыз шексіз. Жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілекшімін, – деді Жасұлан Кәрелұлы.
Аталмыш спартакиаданың бас төрешісі Нұрдәулет Сәленов ардагер спортшыларды ойындардың ережелерімен таныстырып өтті.
Ұлттық ойындардан өткен жарыс қорытындысына сай садақ тартудан Қаракөл округінен келген ардагер Рысбай Боранбаев І орынды жеңіп алып, жеңімпаз атанса, ІІ,ІІІ орындар жусандыойлық ардагерлер Бердеш Бақытжанов, Азамат Жұматовтарға бұйырды. Асық ату ойыны бойынша қаракөлдік ардагер Мұрат Есқазиев топ жарып І орынды иеленсе, ІІ,ІІІ орындарды жусандыойлық Салауат Айғожин мен қаракөлдік Ғабиден Гумаров қанжығаларына байлады.
Есеп пен ептілікті талап ететін ойын тоғызқұмалақтан І орынды қаракөлдік Қаныбек Нұрсұлтанов иеленсе, ІІ, ІІІ орындарды қаратөбелік Талап Ниязов пен жусандыойлық Азамат Жұматов өзара бөлісті. Бес асық ойынынан І орынды қаратөбелік Ұлмекен Сайнова, ІІ орынды саралжындық Замзагүл Сағидолла, ІІІ орынды қаратөбелік Ирина Шабдарова иемденді. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен саралжындық Мақсот Нүрекешов, жусандыойлық Ақырыс Айтқожина, қаратөбелік Жәмилә Ғабдраш марапатталды.
Спартакиада жеңімпаздары диплом және медальдармен марапатталды.