«Мақсатына берік маман»

«Мақсатына берік маман»

Ашық Абат Сәкенұлы, Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы Саралжын ауылында 1974 жылы дүниеге келген. 1981 – 1991 жылдары аралығында  Б.Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінде білім алды. 1996 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетін «математика, информатика және есептеуіш техника» мамандығы бойынша аяқтап, мұғалімдік қызметін 1996 жылы өзі білім алған Б.Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінде математика және информатика пәндерінің мұғалімі ретінде қызметін бастап, кейін Қаратөбе мектеп-гимназиясында жалғастырды. Мұғалімдік қызметі жоғары бағаланып, 2001 жылы «Математика, информатика пәндерінің жоғары санатты мұғалімі» квалификациясы берілді. «Жыл мұғалімі-2001» мәртебесіне ие болды. Облыс әкімдігінің шешімімен «Жаңашыл мұғалім» атанды. Ол жасақтаған информатика кабинеті облыстық байқауда үздік деп танылды. «Бейсик тілі және бағдарламалау элементтері» әдістемелік кітабы жарық көрді. 1996-2004 жылдары аралығындағы ұстаздық қызметінде еліміздің білім саласын дамытуға өзіндік үлес қосып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Абат Сәкенұлының ұстаздық қызметіне қатысты бағаны «Орал өңірі» газетінде шәкірттерінің бірі жариялаған (22.09.2016 ж.) «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» атты мақаладан көруге болады.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы 2004 жылы басталып, қарапайым жетекші маман лауазымынан басқарма басшысының орынбасары лауазымына дейінгі жолдан өтті.

Ол өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде ІТ саласындағы жобалардың жүзеге асуына өзіндік үлес қосып келеді. Атап айтсақ, 2004-2008 жылдары әлеуметтік салалардағы ақпараттық жүйелерді қолданысқа енгізуге, Қазақстан Республикасында ақпараттық теңсiздiктi төмендетудiң 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы аясында халықтың компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруға, «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға өзіндік үлес қосты. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органдармен көрсетілген мемлекеттік қызметтердің электрондық үлесі 2017 жылы – 58,1% құрады, бұл сол кез үшін жақсы көрсеткіштердің бірі болатын.

2018-2022 жылдары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізде ІТ жобалардың жүзеге асуына мұрындық болды. Жергілікті атқарушы органдармен көрсетілген мемлекеттік қызметтердің электрондық үлесі 2020 жылы – 93% құрады. Тұрғындарға бір жерден қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін «109 ІКОМЕК» қызметті жүзеге асырылып, өңір тұрғынларына қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ, Абат Сәкенұлын өңіріміздің архив саласының дамуына да өзіндік үлес қосқан маман деп айтуға болады. Атап айтсақ, басқарма басшысының орынбасары қызметінде архивтердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға айрықша көңіл бөлді. Бұл өз кезегінде архив құжаттарын сандық форматқа көшіруді жеделдетіп, «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесінің тиімділігін арттыруда.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі ретінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жетілдіруге өзіндік үлес қосты.

Абат Сәкенұлы ұзақ жылдар бойы оқу орындарында да дәрістер оқып келеді. Атап айтсақ, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалында әлеуметтік-экономикалық, цифрландыру мәселелері бойынша дәрістер оқыса, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің мемлекеттік аттестациялық комиссиясының төрағасы ретінде ақпараттық технологиялар саласындағы болашақ мамандардың білімдеріне бағалау жүргізіп келеді.

Еңбектегі жетістіктері үшін бірнеше рет облыс әкімінің «Алғыс хаттарымен», 2018 жылы облыстық мәслихаттың шешімімен «Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен», 2021 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен», ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің «Алғыс хатымен», архив саласындағы қызметі үшін ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысы IT қауымдастығының атынан «Цифрландыру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, донорлық-әрбір азамат үшін салауатты өмір сүру салтын, мейірімділік пен қайырымдылық танытудың белгісі болып табылады. Абат Сәкенұлы осындай азаматтардың бірі, ол жылына бір-екі рет азаматтық парызы ретінде қан тапсырып отырады.

Алдағы уақытта да Абат Сәкенұлының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі мол деп есептейміз.