2022 жылдың 4 қарашасында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» тиісті қаулыға қол қойды. Осыған орай, 10 қарашада Қазақстанда жаңа кәсіби мереке бекітілді. Ол - Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні.
Қазіргі таңда цифрлық трансформация - қоғамның өмір сүру сапасын жақсартатын, еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Ал ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай, осы саланы үздік насихаттау мақсатында «DIGITAL QYRAN» конкурсын жариялайды. Бұл конкурс цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласының қыр-сырын зерттеп, оны қоғамға насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне арналады.
Төменде конкурс шарттарымен таныса аласыздар:
Конкурстық жұмыстар әртүрлі жанрда қабылданады: мақалалар, репортаждар, теле-радио хабарлар, әлеуметтік желідегі посттар мен reels видеолар мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жариялануы қажет.
Конкурс шарттары:
1)Газет және журнал материалдарының электрондық нұсқасы press@mdai.gov.kz электрондық поштасына жіберілуі тиіс, онда басылымның атауын, нөмірін және жарияланған күнін міндетті түрде көрсету қажет. (Көлемі кемінде 5000 таңба, Times New Roman шрифті, өлшемі 12)
2) Телевизиялық хабарлар, радиосюжеттер, press@mdai.gov.kz электрондық поштасына жіберілуі тиіс, теле-радиоарнаны белгілеп, бағдарламаның атауын, эфирге шығу күні мен уақытын көрсету қажет. (Ұзақтығы кемінде 15 минут)
3)Интернет-басылымдардың материалдары электронды түрде А4 өлшемімен, PDF нұсқасында press@mdai.gov.kz электрондық поштасына жiберiлуi тиіс және материалға сілтемені көрсету қажет. (Көлемі кемінде 3000 таңба, Times New Roman шрифті, өлшемі 12)
4) Әлеуметтік желілердегі постты (Цифрландыру тақырыбына сай келетін фотомен, көлемі кемінде 1500 таңба) digital_ministry_kz парақшасына жазылып, белгілеу қажет.
5) Ұзақтығы кемiнде 1 минуттан тұратын Reels видеоны digital_ministry_kz парақшасына жазылып, белгілеу қажет.
1.Материалдарды қабылдау - 2023 жылдың 27 қазанына дейін
2.Конкурстық комиссияның жұмысы - 2023 жылдың 7 қарашасына дейін
3.Конкурс қорытындысын шығару - 2023 жылдың 10 қарашасы
Жеңімпаздар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен (ноутбук, планшет) марапатталады.