БҚО ӘКІМІ СПОРТШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

БҚО ӘКІМІ СПОРТШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Сәбитпен және кәсіпқой тұрғыдағы аралас жекпе-жек шебері Дамир Исмагуловпен кездесті.

Облыс басшысы Дубай төрінде ел намысын қорғап, жас та болса тартысты жекпе-жек өткізген Даниялдың жетістігін жоғары бағалады.
– Мен Даниялдың жекпе-жектерін зор қызығушылықпен қарадым. Халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысып, мол тәжірибе жинадың деп білемін. Күміс медаль иегері болу да оңай емес. Бұл – үлкен дәреже, үлкен жеңіс. Жерлесіміз Данияр Елеусіновтің ересектер арасындағы жеңісті жолын 15 жылдан соң Даниял жалғап отыр. Боксқа келген екі жылдың ішінде қайсарлығыңның, жеңіске деген жігерлілігіңнің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырсың. Даниял, сен жай боксшы емессің, жолыңды қуып келе жатқан жастарға үлгі боларлық спортшысың. Жеңісті күндерің көп болсын деп тілеймін, - деген өңір басшысы кәсіпкерлердің, спортсүйер батысқазақстандықтардың атынан бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Сонымен бірге екі жылдың ішінде чемпионатқа қатысатын спортшы даярлап шығарған бапкер Саттар Сұлтанғалиевке алғысын білдірді.

Өз кезегінде Саттар Аманқосұлы мен жас спортшы өздеріне құрмет көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
БҚО бокс федерациясының предиденті Бауыржан Каримов ел мерейін өсірген жас спортшы мен бапкеріне 2 және 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады.

– Сіз жекпе-жектеріңізде Ресеймен бірге Қазақстанның да Туын көтеріп, әлемге танытып, ерекше құрмет көрсетіп жүрсіз. Бұл біздің елдің  халықарлық спорттағы беделін нығайтып, атағын асқақтата түседі. Екі жылдай үзілістен соң Америка төрінде топ жардыңыз. Жастарға жетістікке жету жолында үлгі көрсетіп келесіз. Алдағы уақытта да алар асуыңыз көп болсын, - деген лебізін білдірді орынборлық қандасымыз Дамир Исмагуловқа облыс басшысы.

Сонымен бірге аралас жекпе-жекпен қатар, басқа да спорт түрлеріне  жанашыр болып жүрген кәсіпкер, белгілі меценат Мұрат Жәкібаевқа алғысын айтты.
«Менің Қазақстанға сапарым ең алғаш рет Орал қаласынан басталды. Осы жерде алғашқы жекпе-жегім өтті. Жарақатыма байланысты екі жылдай үзілістен кейін тағы да келіп отырмын. Орал менің туған қаламдай болып кетті», - дейді спорт шебері Дамир Исмагулов.
Ол мамыр айында Лас-Вегаста өткен америкалық UFC турниріне қатысып, жеңіске жеткен еді.