Өткен жылы мемлекеттік қызметті көрсету сапасына 70 мәрте мемлекеттік қоғамдық мониторинг ұйымдастырылған

Өткен жылы мемлекеттік қызметті көрсету сапасына 70 мәрте мемлекеттік қоғамдық мониторинг ұйымдастырылған

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2020 жылы мемлекеттік қызметті көрсету сапасы бойынша 70 мәрте мемлекеттік қоғамдық мониторинг ұйымдастырып, нәтижесінде тұрғындардың көрсетілген қызмет сапасына қанағаттану көрсеткіші 75,1 пайызды құрады.
Қоғамдық мониторингтің негізгі мақсаты - тұрғындардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, қолжетімділігіне және тәртібіне қанағаттану деңгейін анықтау, сондай-ақ, барлық мемлекеттік органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін қызметті алу кезінде туындайтын мәселелерді шешу болып табылады.

Сауалнама екі негізгі атап айтсақ, сандық (жаппай сауалнама) және сапалық («терең сұхбат», «жасырын сатып алушы», фокус-топтық сұхбат) тәсілдер бойынша жүргізіліп, еліміздің барлық өңірлерін, оның ішінде 260-тан астам елді мекендермен өзге елдердің тұрғындарын қоса алғанда 9 мың респондентті қамтыды.

Сауалнама қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар арасында қызмет көрсету сапасының жоғары көрсеткішімен бірінші орыннан Ұлттық экономика министрлігі (4,87 балл және қанағаттану деңгейі 88,1%) көрінсе,
екінші және үшінші орыннан Қорғаныс министрлігі
(4,86 немесе 88,7%) мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
(4,86 немесе 85%) төбе көрсетті.
Рейтингтің аутсайдерлері қатарынан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (4,59 балл немесе 72,1%), Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (4,53 немесе 72,6%), Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
(4,49 немесе 70,6%) табылды.

Жергілікті атқарушы органдар арасында бірінші орынды Ақмола облысы (4,73 балла немесе 80,3%),
екінші және үшінші орынды Павлодар (4,71 немесе 78,4%) және Шығыс Қазақстан (4,68 немесе 77,2%) облыстары алды.
Өңірлер рейтингінің аутсайдерлері қатарынан Шымкент (4,56 немесе 73,4%), Алматы (4,56 немесе 73,3%) және Нұр-Сұлтан қалалары (4,56 немесе 72,7%) көрінді.

Мониторинг барысында қызмет алушылар әсіресе мемлекеттік органдардың шағымдарға кері байланыстың нашарлығы, мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы қажетті ақпаратты іздеудің қиындығына наразылықтарын білдірген.

 

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жекелеген процестерін автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді «электрондық үкімет» порталымен интеграциялау бойынша ұсыныстарын білдірген.
Бұдан бөлек, тұрғындар 1414 Бірыңғай байланыс орталығының қызметіне шағымданған. Онда қоңырау шалу мүмкіндігінің жоқтығы, толыққанды кеңес берілмеуі, қызметкерлердің біліксіздігіне наразылық білдіргені белгілі болды.
Қоғамдық мониторинг қорытындысы мүдделі мемлекеттік органдарға жолданып, аталған кемшіліктер бойынша шаралар қабылданатын болады.
Өз кезегінде қоғамдық мониторинг ұсынымдарын орындау Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тұрақты бақылауында болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2014 жылдан бастап «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізіліп келеді