ТӨТЕНШЕЛІКТЕР СУ ТАСҚЫНЫ БОЛУ ҚАУПІ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТТІ

ТӨТЕНШЕЛІКТЕР СУ ТАСҚЫНЫ БОЛУ ҚАУПІ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТТІ


БҚО әкімдігі ғимаратында өткен селекторлық кеңесте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Арман Тоқпанов «Қазгидромет» орталығының болжамына сәйкес ақпан, наурыз, сәуір айларында өңірде жауын-шашын мол түсуі мүмкін екенін айтты. Мұндай болжам қауіпті гидрметериологиялық құбылыс нышаны ретінде алдын ала сақтануды талап етеді. Қысқы жауын-шашын салдарынан қар астындағы тоң қалыңдаған. Арман Тоқпанов наурыздың алғашқы он күндігінде су тасқыны болу қаупін ескертті. Соған байланысты су тасқынын болдырмауға байланысты іс-шаралар жоспары бекітілген.
 
– Төтенше жағдай жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, жауапты құрылымдарға өкімдер жіберілді. Су тасқыны болған жағдайда шұғыл шешім қабылдауға арналған карта әзірленді. Биыл елді мекендерден 474 мың текше метрден астам қар шығарылды. 1150 текше метр шамасында еріген қар суы сорғызылды. Облыстағы автожолдарда 1578 су өткізу құбыры бар. Жолдарды су басуы мүмкін 46 орын анықталды. Бұл жағдай – жол күтіміне жауапты мекемелер назарында. Облыс бойынша 59 гидротехникалық құрылыстың 15-іне байланысты қалпына келтіру жұмысын жүргізу қажет. Төтенше жағдайды болдырмауға облыс резервінен 1,5 миллард теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта жанар-жағармай, қаптар, инертті материалдар қоры дайындалуда, - деді Арман Тоқпанов.

Төтеншеліктер ресейдің шекаралас облыстарымен су апатының алдын алуға байланысты жедел ақпарат алмасу жүргізілуде. Көктем кезінде төтенше жағдай зардабын жою үшін 2591 адам сақадай сай тұрса, 734 техника, 45 жүзу құралы және тағы басқа құрал-жабдық төтеншеліктер қолында бар. «Көктем - 2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде шүғыл әрекет ететін жасақтардың дайындығы тексеріледі.
Арман Тоқпанов қазіргі уақытта күн райына байланысты аймақтағы ахуал қалыпты екенін хабарлады.
Селекторлық режиммен өткен жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев Теректі ауданы бойынша Жаңаөңір ауылы қасындағы су қоймасы ерекше назарға алынып отырғанын айтып, қойманы бекітуге байланысты аудан әкіміне сауал қойды.

– Төрт-бес жыл бұрын Ұзынкөл су қоймасы жөнделген. Қойма табанындағы жабдықтан ақау табылып, аздап су жіберіп тұрғаны анықталды.

Биыл осы жабдықты жөндеуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде көлдегі су деңгейі өте төмен, қоймада шамамен 3-4 миллион текше метр су бар. Қойманың жалпы сыйымдылығы 90 миллион текше метрге дейін жетеді. Сондықтан су тасқыны болмайды деген ойдамын, - деді Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов.

Одан кейін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Ветелкин ауылындағы жағдай басты назарда екенін баяндады.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысына барлық гидротехниканың сапасын тексеруді, төтенше жағдай департаменті мәліметіне сәйкес, аудан әкімдеріне қазіргі жай-күйі нашар деп көрсетілген гидротехникалық нысандарды бақылауға алатын жауапты қызметкерлерді бекітуді тапсырды.