БҚО-да ауылдардың 85%-і интернетпен және 93%-і мобильді байланыспен қамтылған

БҚО-да ауылдардың 85%-і интернетпен және 93%-і мобильді байланыспен қамтылған

Батыс Қазақстан облысында ауылдық елдімекендер мен қалаларды сапалы мобильді байланыс пен интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Қазір өңірдегі 405 ауылдың 343-і интернетке, 376-сы мобильді байланысқа қосылған.

Облыстық цифрлық даму басқармасының мәліметінше, 2024 жылы 23 ауылға жаңа базалық станциялар орнатылса, 2025 жылы Beeline және Kcell Орал, Ақсай қалалары мен 30 ауылда жаңа станциялар орнатып, 225 ауылдағы құрылғыларды жаңартуды жоспарлап отыр. Биыл бірнеше аудан мен Орал қаласының шағынаудандарына жаңа станциялар іске қосылды, ал 202 ауылдағы станциялар 4G стандартына жаңартылды.

Интернет инфрақұрылымы да кеңейіп жатыр: 9 ауылға оптикалық желі жүргізіліп, 1500 порт іске қосылды. «Қолжетімді Интернет» жобасы аясында 24 ауыл спутниктік технология арқылы қосылды. Орал қаласында 77 5G станциясы жұмыс істей бастады.

Өңіраралық байланыс инспекциясы операторлардың қызмет сапасын тексеріп, 38,2 млн теңге айыппұл салды. Дегенмен радиофобия мен сертификатталмаған күшейткіштердің қолданылуы кейбір ауылда сигнал сапасын төмендетіп отыр.

Облыстағы басқарма байланыс сапасын жақсарту және тұрғындарды тұрақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.

ӨКҚ - Ақпарат