Мемлекет Басшысымен 2024 жылғы 22 қарашада "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды.
Тұрғын үйді жекешелендіру бөлігінде Заң нормалары 2024 жылғы 4 желтоқсанда күшіне енді, сол себепті азаматтар жекешелендіру бойынша әкімдіктерге жүгіне алады.
Осыған байланысты «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13 бабының 8 тармағына сәйкес айқындалған категориялар ақысыз жекешелендіруге құқылы:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Тұрғынжай берілген Ұлы Отан соғысының ардагері қайтыс болған жағдайда, оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;
2) бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдар;
3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегі авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;
4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;
5) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, басқа кезеңдерде әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған әскери қызметшілер;
6) Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;
7) әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттың қысқартылуына байланысты шығарылған адамдар:
күнтізбемен есептегенде жиырма және одан көп жыл еңбек сіңірген;
күнтізбемен есептегенде он және одан көп жыл еңбек сіңірген және мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды), оның ішінде жасына қарамастан бала кезінен мүгедектігі бар адамды (мүгедектігі бар адамдарды) асырап-бағып отырған әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері.
Әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған, осы тармақшаның бірінші бөлігінде аталған, тұрғынжай берілген адам қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оны өтеусіз жекешелендіру құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасы мүшелеріне өтеді;
7-1) өз-өзіне қол жұмсау (өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу жағдайларын қоспағанда), қылмыстық құқық бұзушылық жасау, алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйді туғызатын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес мақсатта тұтыну нәтижесінде қаза тапқанды (қайтыс болғанды) қоспағанда, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің, арнаулы мемлекеттік орган, ішкі істер органы қызметкерінің отбасы мүшелері;
8) ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер. Тұрғын үй берілген ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оны өтеусіз алу құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлеріне ауысады;
9) күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген ішкі істер органдарының қызметкерлері және теріс себептер бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, қызметтен шығарылған және күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген қызметкерлер, сондай-ақ күнтiзбемен есептегенде он және одан да көп жыл еңбек сiңiрген және мүгедектігі бар балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер құқылы. Ішкі істер органдарының берілген қызметтік тұрғын жайды жекешелендіруге құқығы бар зейнеткері қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді;
10) саяси қуғын-сүргіндер құрбандары, сондай-ақ "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдар.
Қалған азаматтар осындай тұрғын үйлерді, яғни тұрғын үйдің баланстық құнынан тұрғын үйдің физикалық тозуын алғандағы құны бойынша қалдық құнымен сатып ала алады.
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына өзгерістер енгізілді (2025 жылғы 3 ақпанда күшіне енді).
Тұрғынжайды жекешелендіретін азаматтар тұрғынжайдың құнын бөліп төлей алады.
Қалдық құны он бес миллион теңгеден аз тұрғынжай он жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге беріледі.
Қалдық құны он бес миллион теңгеден асатын тұрғынжай он бес жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге беріледі.
Тұрғынжайды жекешелендіретін азаматтар тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартта белгіленген тұрғынжай құнының кемінде он пайызы мөлшерінде бастапқы жарна енгізеді.
Жекешелендіру тәртібімен тұрғын үйді меншігіне сатып алу үшін өтініш беруші «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы Орал қаласы және аудандардағы тұрғын үй комиссиясының қарауына құжаттарды ұсынады.
Тұрғын үй комиссиялары күнтізбелік отыз күн ішінде тұрғын үйді жекешелендіру туралы немесе жазбаша түрде дәлелді бас тарту туралы шешім шығарады.