2025 жылғы 23 сәуірде жыл сайын 28 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ «Облыстық жедел медициналық жәрдем» ШЖҚ МКК мамандары қатысты.
Кездесу барысында Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша мәселелерді талқылады. Қатысушыларға еңбек заңнамасының талаптары мен жұмыс берушілердің жауапкершілігіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай іс-шаралар еңбек мәдениетін арттыруға және барлық деңгейде қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға ықпал етеді.