Еңбек дауларын шешудегі әлеуметтік әріптестік

Еңбек дауларын шешудегі әлеуметтік әріптестік

Қазіргі қоғамның ең өзекті және күнделікті мәселелерінің бірі - әр азамат, яғни қызметкер тап болатын еңбек дауларын шешу мәселесі.

Еңбек міндеттерін атқару кезінде жұмыскер заңмен тыйым салынбаған барлық тәсілдер мен рәсімдерді пайдалана отырып, өзінің еңбек құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқылы.

Еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келіспеушіліктер.

Анықтама: даулы тақырыптар бойынша еңбек дауларын келесідей жіктеуге болады:

  • жеке еңбек даулары - олар жеке жұмысшылардың мүдделеріне әсер еткен кезде;
  • ұжымдық еңбек даулары - бүкіл еңбек ұжымының (мысалы, жұмыс берушінің ұжымдық еңбек шартын орындамауы) немесе оның бір бөлігінің (жеке құрылымдық бөлімшенің) мүдделері қозғалған кезде.

Еңбек дауларын талдау көрсеткендей, еңбек дауының себебі, еңбек құқық бұзушылықтары немесе кейбір жағдайларда құқық бұзушылықтың болуы туралы адал ниетті қате түсінік болып табылады.

Сонымен, еңбек дауларын ұзақ уақыт бойы шешпеу жұмыс берушінің де, қызметкердің де қызметіне теріс әсер ететін кәсіпорындардағы жағдайдың тұрақсыздануына әкелуі мүмкін екенін атап өткен жөн.

Сондықтан, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік шиеленісті және еңбек жанжалдарының туындау тәуекелін болдырмау, алдын алу мәселелері жергілікті атқарушы органдардың ерекше бақылауында.

Ағымдағы жылдың басында облыста мемлекеттік органдар өкілдері мен әлеуметтік әріптестер қатарынан мониторингтік топ құрылды және жұмыс істейді.

Еңбек ұжымдарында наразылық әлеуетін анықтауды мониторингтік топ азаматтардың өтініштерін, ақпараттық жүйелерді, БАҚ-ты, интернет ресурстарды талдау және мемлекеттік органдармен жедел ақпарат алмасу жолымен жүргізеді.

Мониторингтік топ жедел деректер негізінде еңбек дауларына алғышарттар туындаған 28 кәсіпорынның қызметіне талдау жасады. Жедел араласудан және қабылданған шаралардан кейін бұл жағдайлар шешілді.

Сондай-ақ әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі тиімді шаралардың бірі әлеуметтік әріптестік болып табылады, оның органы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия (бұдан әрі - Комиссия).

Анықтама: Комиссия әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуді қамтамасыз ету және кәсіптік одақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілер бірлестіктерінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін келісу үшін құрылған үйлестіруші орган болып табылады.

Қазіргі уақытта облыстық және аудандық деңгейлерде 13 Комиссия жұмыс істейді. Олардың функциялары мен міндеттері:

1) әлеуметтік, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау;

2) қоғамның барлық топтарының мүдделерін объективті ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

3) жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

4) барлық деңгейлердегі әлеуметтік әріптестік тараптары арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;

5) ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу;

6) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау.

Сонымен, әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері – еңбекақы төлеу бойынша; жұмыскерлерді жаппай босату бойынша; МЗЖ және ӘА аудару бойынша; өндірістік жарақаттану бойынша, еңбек дауларын реттеу бойынша және т.б. мәселелер Комиссия отырыстарында тұрақты негізде қаралады.

Бастапқы кезеңде проблемалық мәселелер аудандық (қалалық) деңгейлерде қаралады. Шешілмеген жағдайлар немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың араласуын талап ететін жағдайлар облыстық Комиссияның отырысына шығарылады.

Жалпы, бүгінгі күні әртүрлі деңгейдегі үшжақты Комиссияның 34 отырысы өткізілді (оның ішінде облыстық Комиссияның 7 отырысы).

Өткізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша, оның ішінде әлеуметтік әріптестік шеңберінде 2021 жылы 700-ден астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, бұл да өз кезегінде жеке және ұжымдық еңбек дауларының алдын алуға ықпал етті.

Осылайша, ұжымда еңбек қатынастары саласында даулы жағдайлар туындаған қызметкерлер мен жұмыс берушілер аудандық, қалалық және облыстық Комиссияға жүгіне алады, сондай-ақ Комиссияға еңбек заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізілуі мүмкін.

Соңында жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді, сондай-ақ әлеуметтік әріптестерді әлеуметтік әріптестік мүмкіндіктерін пайдалануға және еңбек дауларын болдырмау үшін барынша күш-жігер жұмсауға шақырғым келеді.