Жұмыс берушілер мен ата-аналардың назарына: Кәмелетке толмағандардың еңбегі туралы

Жұмыс берушілер мен ата-аналардың назарына:  Кәмелетке толмағандардың еңбегі туралы

Кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру кезінде олармен міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

Сонымен қатар, еңбек шарты:

1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;

2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;

3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін осы тармақтың 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

 Еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс.

Заң кәмелетке толмағандарды денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға жалдауға тыйым салады. Қауіпті жұмыс түрлерінің ең төменгі жасы-18 жас 18 жасқа толмаған адамдарға қоса атқаратын жұмысқа, материалдық жауапкершілік белгіленген жұмысқа, жұмыс уақытының жиынтық есебіне, үстеме жұмысқа және түнгі уақыттағы жұмысқа тыйым салынады.

Сондай-ақ, он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлердің Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 08.12.2015 № 944 бұйрығымен белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды тасуына және қозғалтуына тыйым салынады.

Кәмелетке толмағандарды моральдық дамуына теріс әсер ететін жұмысқа тартуға жол берілмейді (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық мекемелеріндегі жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау және сату).

Заңнамада он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы қарастырылған. Атап айтқанда:

- он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын;

- он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Сонымен қатар, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алуға жол берілмейді.

Кәмелетке толмағандарға қатысты еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыс беруші кәмелетке толмаған адамдарды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені үшін – елуден екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне дейін айыппұл салуға әкеп соғады.

Заңбұзушылықтар орын алған жағдайда, азаматтар БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасына (Орал қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 188, тел. 50-04-86, ресми сайт - enbek-bko.gov.kz) хабарласуларына болады.