ЕИӨА-ке қатысушы елдердің еңбек инспекциялары 2020 жылғы қызметінің қорытындысын шығарды

ЕИӨА-ке қатысушы елдердің еңбек инспекциялары 2020 жылғы қызметінің қорытындысын шығарды

Бүгін онлайн режимде ТМД-ға қатысушы елдердің және Моңғолия Еңбек инспекцияларының өңірлік альянсының (бұдан әрі – ЕИӨА) басты конференциясы өтті. Іс-шара шеңберінде еңбек инспекцияларының 2020 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылды, сондай-ақ ЕИӨА қызметінің келесі жылға арналған бағыттары талқыланды.

Конференцияға Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) өкілі – Мәскеудегі ХЕҰ Бюросының еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі бас маманы Валентин Мокану, сондай-ақ Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Моңғолиядан келген ХЕҰ қатысушы елдердің өкілдері қатысты. Конференцияда Қазақстан тарапын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов таныстырды.

Конференция жұмысын Қазақстан атынан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов алғы сөзімен ашты.

Іс-шара шеңберінде қатысушылар ТМД-ға қатысушы елдер мен Моңғолияның ЕИӨА жұмыс жоспарының орындалу барысын, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін ХЕҰ бюросымен өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарын, мемлекеттік инспекциялар жұмысының қорытындылары мен басқа да мәселелерді талқылады.

Төлеген Оспанқұлов өз сөзінде ЕИӨА-ның 2020 жылғы жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы айтып берді, оған мыналар кіреді:

- РФ Еңбек және жұмыспен қамту жөніндегі федералды қызметінің ресми сайтында орналастырылған альянс елдерінің еңбек инспекцияларының қызметіне жалпы шолу;

- шектеу іс-шаралары алынып тасталғаннан кейін РФ Еңбек және жұмыспен қамту жөніндегі федералды қызметінде альянс елдерінің еңбек инспекторлары үшін тағылымдамалар, тренингтер және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруы;

- Халықаралық еңбек ұйымының Мәскеу бюросының бас маманы Валентин Моканумен альянс өкілдіктері арасында келісілген ЕИӨА мен ХЕҰ арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама жобасын келісу.

Жақын арада құжат ХЕҰ-ның Женева бюросына, одан кейін мемлекетішілік келісу үшін Альянс елдеріне келісуге жіберілетін болады.

Сонымен қатар, ҚР Бас еңбек инспекторы ҚР Мемлекеттік еңбек инспекциясының (бұдан әрі – МЕИ) 2020 жылғы қызметін қорытындылап, Ұлттық заңнамадағы өзгерістер туралы баяндап берді.

Төлеген Оспанқұловтың мәліметінше, ұжымдық еңбек дауларының алдын алу үшін Еңбек қатерлерінің картасы жасалады, оның шеңберінде 220 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейтін 1 мыңнан астам проблемалық ұйымға мониторинг жүргізіледі.

Қабылданған шаралардың арқасында еңбек жанжалдарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9-дан 5 жағдайға дейін қысқарған.

«Жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде желтоқсан айының басында 29 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 3,4 млрд.теңгеден астам қаражат төленді. Жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігі ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР Еңбек кодексіне атқарушылық құжат күші бар жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы жаңа нұсқаманы енгізу арқасында артты. Аталған шара жалақы бойынша берешек анықталған жағдайда сот орындаушыларының шоттар мен мүлікке тыйым салу, шығуға шектеу қою сияқты неғұрлым пәрменді шараларды қабылдауына мүмкіндік берді», – деп бөлісті баяндамашы.

Қазақстанның бас еңбек инспекторының ақпараты бойынша, шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартатын ұйымдарда  қазақстандық қызметкерлердің үлесі 97%-ды құрайды. ШЖК тартатын кәсіпорындарға жыл сайын тексеру жүргізу үшін Еңбекмині мен  ҚР ҰЭМ «Тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізілді. Осы бұйрық аясында МЕИ ағымдағы жылы ШЖК қатарынан 30-дан астам адамды тартатын кәсіпорындарға 71 тексеру жүргізіп, 608 бұзушылықты анықтаған.

Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексіне жұмыс берушілерді жұмыскерлерге қандай да бір кемсітусіз бірдей еңбегі үшін бірдей ақымен ғана емес, сондай-ақ тең өндірістік-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге міндеттейтін толықтыру енгізілді.

Өз сөзінде Төлеген Оспанқұлов қазақстандық кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан бірқатар шараларды атап өтті.

«11 ай ішінде еліміздің кәсіпорындарында 1300 адам зардап шекті, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі зардап шеккендер санынан 7%-ға көп. Сонымен қатар, 185 оқиға өліммен аяқталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп», – деп бөлісті Төлеген Оспанқұлов.

Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен-металлургия кешеніндегі (18,6 %) және құрылыс саласындағы (11%) кәсіпорындарда байқалады.

Мемлекеттік бақылау нәтижелері анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтардың шамамен 27,3%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына келетінін көрсетеді.

МЕИ мәліметтері бойынша, еңбекті қорғауға байланысты негізгі заң бұзушылықтар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеуге, еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытуды жүргізбеуге, еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты адамның болмауына байланысты орын алады.

Ағымдағы жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша МЕИ 3 982 тексеру жүргізді, соның нәтижесінде 6 152 заңбұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында – 1 681. Жұмыс берушілерге 2 290 нұсқама беріліп, 174,3 млн. теңге сомасына 1 мыңнан астам айыппұл салынды.

Кәсіптік қатерлерді басқарудың қазіргі заманғы жүйесін енгізу мақсатында еліміздің 2,6 мың кәсіпорнына еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі стандарттар (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ) енгізілді, ал ішкі бақылау шеңберінде 15 мың кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылды, олардың міндеттеріне жарақаттанудың алдын алу, еңбек жағдайларына тексерулер жүргізу кіреді.

Бұдан басқа, Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы іске асырылуда, ол қызметкерлерді қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, республика кәсіпорындарын «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосу бойынша ақпараттық науқан жалғасуда.