
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерге HR Enbek порталы арқылы қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу немесе оның қолданылу мерзімін ұзарту қажеттігі туралы жолданатын хабарламалардың қалыптастырылу тәртібін түсіндіреді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. ЖОМС шартын жасасу – заңнамада белгіленген міндетті талап. Міндетті сақтандыру шартын жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік жауапкершілік көзделген.
HR Enbek порталындағы хабарламалар ақпараттық жүйе қолданыстағы ЖОМС шарты туралы тиісті мәліметтердің жоқ екенін анықтаған жағдайда автоматты түрде қалыптастырылады.
Хабарламаларды қалыптастыру кезінде HR Enbek порталында тіркелген қолданыстағы еңбек шарттары туралы мәліметтер, сондай-ақ Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан келіп түсетін және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграцияланған ЖОМС шарттары туралы ақпарат пайдаланылады.
Бұл ретте хабарламаның алынуы жұмыс беруші тарапынан заңнама талаптарының бұзылғанын автоматты түрде білдірмейді. Хабарлама ақпараттық жүйе анықтаған мәліметтер арасындағы сәйкессіздік туралы мәлімет береді және жұмыс берушіге ақпаратты уақтылы тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік беру мақсатында жолданады.