1 ҚАЗАННАН БАСТАП ЖҰМЫСЫНАН АЙЫРЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

1 ҚАЗАННАН БАСТАП ЖҰМЫСЫНАН АЙЫРЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда пилоттық жоба аясында жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді. Төлемнің мерзімі ең көбі үш ай болады. Аталған өзгеріс әлеуметтік төлем алуға құқығы ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады.

Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі оларды міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту. Азамат жұмысынан айырылған жағдайда осы жүйе арқылы жаңа жұмыс іздейтін кезеңде уақытша қаржылық қолдау алады. Ал мемлекеттің негізгі міндеті адамның мүмкіндігінше тезірек жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.

Пилоттық жоба бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленеді. Жүйеге 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа төлем 1 ай, 12 айдан 24 айға дейін қатысқан жағдайда 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда 3 ай төленеді.

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды.

Әр азамат үшін төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.

Жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 5% мөлшерінде әлеуметтік аударым төлейді. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Әлеуметтік аударым жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

Жұмысынан айырылған жағдайда мемлекеттік қолдау алу үшін азамат алдымен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуі қажет. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуге немесе электрондық үкіметтің eGov.kz порталы мен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелуге болады.