
Қазақстанның барлық өңірінде жыл сайын өтетін «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңі аяқталды. Байқау комиссияларының шешімімен үш номинация бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Бірінші орын алғандар республикалық кезеңде өз өңірлерінің намысын қорғайды.
«Еңбек жолы» байқауын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылдан бері өткізіп келеді. Оның негізгі мақсаты еңбектің және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, тәлімгерлікті дамыту, сондай-ақ еңбек дәстүрін сақтау мен кейінгі ұрпаққа насихаттау.
2026 жылы байқаудың өңірлік кезеңіне жергілікті атқарушы органдар арқылы барлығы 423 өтінім келіп түсті. Оның ішінде «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері» номинациясы бойынша 172, «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясына 165, ал «Үздік еңбек династиясы» номинациясы бойынша 86 өтінім қабылданды.
Өтінім саны бойынша Ақмола облысының қатысушылары белсенділік танытты. Өңірден барлығы 52 өтінім келіп түсті. Оның 11 өтінімі «Үздік еңбек династиясы», 15-і «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері», ал 26 өтінім «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациялары бойынша берілді.
Қызылорда облысынан барлығы 40 өтінім қабылданды. 8 өтінім «Үздік еңбек династиясы», 22 өтінім «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері», 10 өтінім «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациялары бойынша келді.
Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысынан 13 өтінімнен келіп түсті. Шымкент қаласында 2 өтінім «Үздік еңбек династиясы», 5 өтінім «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері», 6 өтінім «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациялары бойынша тіркелді. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш тиісінше 2, 8 және 3 өтінімді құрады.